Евгений Петрович Михаэлис 1841 жылы 26 қыркүйекте Петербург қаласында дүниеге келген. Революциялық ортада тәрбиеленген Е.П.Михаэлис әуелі гимназияда, одан соң лицейге түсіп, шәкірттердің маңдайалды болды. Аса зейінді, алғыр ойлы Михаэлис Петербург университетіне түсіп, физика-математика факультетінің жаратылыстану факультетінде оқып, студенттер арасында Чернышевский бастаған революциялық қозғалыстың жалынды күрескер жастарының алды болған.
Михаэлис революцияшыл студенттердің құпия ұйымын басқарып студенттер арасында Чернышевский идеяларын қызу насихаттап бар студент соңынан ереді. Тарихта белгілі Н.В.Шелгунов ол туралы: «Михаэлис тамаша жас, абзал азамат болып өсті. Оның ашық-жарқын жүзінен арыстандай айбат, қалың қайрат, жасымас жігер жалын атып сезіліп тұратын» -дейді.
Олардың осындай саяси көзқарастары патшаға қарсы деп танылып 200-ден астам студент тұтқындалып, жер аударылады. Солардың ішінде Е.П.Михаэлис те Тобльск губерниясының Тарту деген қаласында алты жыл азап шегіп, кейіннен Семейге жер аударылып, қызмет етуге рұқсат етіледі.
Міне, осы уақыттан бастап жалынды революционер-демократтың Семей қаласындағы өнегелі өмірі басталып, ұлы Абаймен таныстығы да осыдан жалғасады. Абай мен орыс зиялысы қоғамдық кітапханада кездесіп, әңгімелесіп, сырласады. Одан басқа Ресейден жер ауып келген Петрашевский, Дуров сияқты ірі адамдар болған.
Михаэлис Семейге келген соң осынау ұлан-байтақ өлкенің табиғатын, байлығын зерттеу ісіне, мәдени-ағарту ісіне қызу кіріседі. 1878 жылы Семей қаласында облыстық статистика комитетін құру жұмысын ұйымдастырады. Оның басшылығымен құрылған бұл комитет Семей өлкесінің табиғатын, шаруашылығын, тарихы мен мәдениетін зерттейтін тұңғыш ғылыми мекеме еді. Осы комиеттің тұңғыш секретары Е.П.Михаэлистің өзі болды.
1883 жылы қоғамдық кітапхана мен өлкетану музейін ұйымдастырушы да болады. Осындай ғылыми, мәдени-ағарту мекемелерінің жұмысына өзінің досы Абай да ат салысып, белсене қатысады. Терең оқымысты ғалым Михаэлистің жүргізген ғылыми зерттеу жұмысы ұшан-теңіз. Ол Ертісте пароход жүру мәселесін зерттеп, Семейден — Зайсанға дейін барып, навигация картасын жасады, қандай пароходтар жүруін анықтап, олардың моделін өз қолымен жасаған. Ол 44 жылын Семей мен Өскемен қалаларында өткізді, оның 13 жылы, яғни 1869-1882 жылдары Семейде өтті. Е.П.Михаэлис 1913 жылы 2 желтоқсанда 72 жасында Өскемен қаласында дүниеден қайтты.
Әдебиеттер:
- Ишмұхамбетов Н. Абайдың үлкен досы: (Е.П.Михаэлис) // Семей таңы. — 1968.-
19 апрель. – Б. 4
- Қасымбаев Ж. Абайдың орыс достары: архив қазынасынан // Білім және еңбек.
— 1984. — № 11. — Б. 37.
- Мұхамедханов Қ. Абайдың досы – Михаэлис // Көп томдық шығармалар жинағы. 6-том. — Алматы: «Ел шежіре», 2008. — 320 б.
- Сабырбаева Р. Дара да дана // Ертіс өңірі. — 2005. — 7 шілде. – Б. 4
- Хамзин К. Семейде табысқан тарихи тұлғалар: Абай және Михаэлис жөніндегі тың деректер // Түркістан. — 1998. — 8-14 көкек. — Б. 5