Потанин Григорий Николаевич – орыс ғалымы, жиһангер, фолклоршы, түркі, моңғол халықтары тарихын, салт-санасын, мәдениетін зерттеуші, жазушы, ақын, журналист.
Г.Н.Потанин 1835 жылы 21 сентябрьде Семей облысы Ямышевский станцияда (Тұз қалада) туған («Казақ» газеті / Бас ред. Ә.Нысанбаев, 1998.-229 б.).
1846 жылы Омбыдағы кадет корпусына түсіп, оны 1852 ж. бітіреді. 1853-54 жылдары әскери жасақ құрамында Іле жорығына қатысқан. Алтайда, Оыбыдағы Батыс Сібір және Қазақ даласы Әскери басқармасында қызметте болғанда жергілікті халықтардың ауыз әдебиеті, әдет-салтына байланысты мәліметтер жинай жүрген.
Ш. Уәлихановтың кеңесімен Орта жүз, Ұлы жүз қазақтарының және жоңғарлардың Ресеймен қарым-қатынасы туралы тарихи, архив деректерімен танысқан. Географ П. П. Семенов Тян-Шанскийдің көмегімен Потанин 1859 ж. әскери міндеттен босатылып, Петербург университетінің табиғаттану бөлімі, физика-математика факультетіне оқуға түсті. Жасырын «Сібір үйірмесіне» қатысқаны үшін 1861 ж. оқудан шығарылып, Петропавл түрмесіне жабылды, Омбыға жер аударылды.
1863-64 ж. ғалым Зайсан көлі, Тарбағатай, Жоңғар Алатауы атырабын зерттегелі келген астроном К.В.Струве экспедициясына қатысқан. Патша Патша үкіметінің тексерісіне іліккен Потанин тұтқындалып, 1871 ж. Вологда губерниясына жер аударылған. Алайда ол зерттеу ісін, ғалымдармен байланысын ұзбей, Орыс географиялық қоғамы тапсыруымен «Томск губерниясында түркі және орыс тайпаларының 17-19 ғғ. басында таралуына шолу» атты еңбек жазды. Ғалымдардың қолдауымен 1874 ж. бостандық алған Потанин 1876-80 ж. аралығында Солтүстік Батыс Монғолия және Тува экспедициясына, 1884-86 және 1892-93 ж. Солтүстік Қытай, Тибет, Орталық Монғолия экспедицияларына басшылық еткен. Потаниннің зайыбы, XIX ғасырда Орыс әйелдерінің арасынан шыққан тұңғыш саяхатшы Александра Викторовна Потанина (1843-93) бірге болып, экспедициялық зерттеулер жүргізген.
1899 жылы Потанин үлкен Хинган экспедициясын басқарған. Экспедициялар кезінде жиналған қыруар мәліметтер, Орта Азия географиясы мен этнографиясына сипаттамалары ғалымдар тарапынан жоғары бағаланған. Потаниннің «Солтүстік батыс Монғолия очерктері» 1-4 (1881-89), «Қазақтың соңғы Ханзадасының киіз үйінде» («Русское богатство», 1896, 18), «Орта ғасырлық Европа жотасындағы Шығыс сарындары» (1899), «Қазақтардың және алтайлықтардың аңыздары, аңыз-әңгімелері және ертегілері» (1916) еңбектері түркі, монғол ғылымына қосқан үлкен үлес болды.
Потаниннің қазақтың данышпан ақыны Абай Құнанбаев, оның інісі Халиулла Өскенбаев жөнінде жазғандары 1898 ж. «Русское богатство» журналының 8-ші санында жарияланған. «Қазақтың соңғы Ханзадасының киіз үйінде» еңбегінде Абайдың інісі Халиулла Өскенбаевтың өмірі, оқып білім алып, оның орыс әдебиеті үлгілерін қазақ жеріне таратқаны туралы ризашылықпен әңгімелейді.
Ағайынды Белослюдовтардың Семейдегі Абай музейінде сақтаулы хаттарында Потаниннің Абай шығармаларын орысшаға аударып, Сібірдің газет-журналдарына бастыру керектігі туралы ұсыныс жасағаны жазылған. Николай Белослюдов 1911 ж. 28 қаңтардағы хатында Томскідегі Г. Н. Потанин үйіне арнайы іздеп барып, онымен кездесіп, әңгімелескенін, оған А.Құнанбаев туралы айтқанын, сонда Г. Потаниннің: «Сендер Коншинге жазыңдар, Абайдың ең таңдаулы өлеңдерін іріктеп алып, «Сибирская жизнь» газетіне бастырып, көпшілік қауымға таныстырсын» деп, Семейдегі Коншинге тапсырма бергенін керсеткен. А.Байтұрсынов, М. Дулатов Н. Г. Потанинге арнап өлең шығарған.
Әдебиеттер:
Батырбекова Р. Бейсенбаев М. Потанин Григорий Николаевич // Абай: Энциклопедия / Бас ред.Р.Нұрғалиев.- Алматы: Атамұра, 1995. — 480-481 б.
Григорий Николаевич Потанин // «Казақ» газеті / Бас ред. Ә.Нысанбаев. – Алматы: «Қазақ» энциклопедиясы, 1998. – Б. 37-38; 96-98; 229-230
Таңаторова Ж. Григорий Потанин және Сібірдегі саяси топтар // Қазақ тарихы.-2007.-№ 3. – 75 — 77 б.