Отбасына көмек: ақпараттық семинар

17.05.17

Абай атындағы кітапхана Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласының  ішкі саясат басқармасының тапсырысы бойынша «Жанұя орталығы» ҚҚ ұйымдастыруымен отбасының физикалық және психоэмоционалдық денсаулығын сақтау және гендерлік теңдік саясатын іске асыру мақсатында рухани-адамгершілік тәрбие мәселелері бойынша Шәкәрім атындағы университет, Семей қаласы ішкі істер басқармасы, Діни бірлестіктермен ынтымақтастық жөніндегі сектор, Наркологиялық диспансер мекемелері мамандарымен Қайнар ауылында болып, ақпараттық семинар мен пікірлесу алаңына қатысып қайтты.

Шараға  ауыл әкімі, жергілікті мекемелердің басшылары, мектеп психологтары мен мұғалімдері, денсаулық сақтау қызметкерлері, ҮЕҰ өкілдері, еңбек ардагерлері, Қараөлен, Алғабас, Абралы, Ақбұлақ, Танат ауылдық округтерінің өкілдері қатысты. Семинар барысында Абай атындағы кітапхана мамандары қатысушыларға «Қауіпсіз Интернет», «Ата-ана бақылауы» тақырыбында бүгінгі күні Интернет желісінде жастар арасында белең алып отырған қоғамдық мәселелер жөнінде ақпарат берді.

Алашорда ұлттық Үкіметінің құрылғанына 100 жыл толу мерекесіне орай «Алаш» электрондық кітапханасының таныстырылымы   Қайнар орталық кітапханасында жалғасты. Шараға қатысқан Қайнар орта мектебінің 9-11 сынып оқушыларын электрондық кітапхана қорында қамтылған мол ақпарат көздерімен таныстырылды. Қатысушылар Алаш қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылығы туралы Қазақстан көлемінде ғана емес, шет мемлекеттерден жинақталған тарихи, мазмұнды материалдармен танысты. «Алаш» деректер қорындағы ХХ ғасырдың басында Алаш қайраткерлерінің көзі тірісінде Мәскеуден, Орынбордан, Қызылордадан жарық көрген Алаш қайраткерлерінің құнды мұралары, Орыс Географиялық қоғамы Семей бөлімшесінің жазбаларында жарияланған мақалалар қоры қатысушылардың қызығушылығын тудырды.