Ардагерлерге кітап сыйла!: акция

10.10.17

10-шы қазан күні Абай атындағы әмбебап кітапхана қызметкерлері  Семей қаласында жүріп  жатқан дәстүрлі «Қайырымдылық айлығы»  аясында қалалық ардагерлер кеңесіне сыйға тарту үшін «Ардагерлерге кітап сыйла!» акциясын өткізді. Осы орайда Абай атындағы кітапхана бастамасымен «Кітапханаға кітап сыйла!» акциясы жарияланған болатын. Аталмыш акцияға қала жұртшылығы өздерінің жеке кітапханаларындағы кітаптарымен бөлісіп, акцияға белсене қатысты.

Ардагерлерге орыс және қазақ тілінде жиыны 100-ден астам кітаптар сыйға берілді. Бұл басылымдар ардагерлердің  рухани байлығын молайтып, кітаптың қолдан қолға беріліп, өмірінің ұзартылуына ықпал ететіні сөзсіз.  Акция барысында ардагерлер кеңесінің төрағасы Доғалақов Амантай Айтмырзаұлы  жастарға патриоттық тәрбие беруде кітапханамен әркез тығыз байланыста түрлі шаралар өткізіп жүргендіктерімізді айтып, қарттарын қадірлеген ел қашанда озады деп өзінің жылы лебізін білдіріп, алғысын айтты.

Талай қиындықты басынан өткерген аға буынның еңбегі мен ерлігі – ел тарихы. Бүгінде еңбегінің зейнетін көріп отырған алдыңғы буынның өмірінен үлгі алып, лайықты құрмет көрсету – біздің міндетіміз. Кітап адамзаттың баға жетпес құндылығы болғандықтан, сыйға тартылған кітаптар біздің аға буын өкілдеріміз  үшін баға жетпес рухани қазына болып қалары сөзсіз.