Өнер – менің өмірім: виртуалды көрменің тұсаукесері

18.10.17

Абай атындағы кітапханада 18 қазан күні тума талант, көп қырлы актер, ақын, сазгер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Болат Күнтуұлы Сыбановтың туғанына 80 жыл толуына орай әншінің өмірі мен шығармашылығына арналған «Өнер – менің өмірім» атты виртуалды көрме ұйымдастырылды. Әнші рухына құрмет көрсету, оның өшпес өнерін насихаттау аясында кітапхананың және өнер иесі отбасының жеке қорындағы материалдарды біріктіріп оқырман ортасына ұсынып, пайдаланушыларға таныстыру, ақпаратқа қолжетімділігін арттыру және өскелең ұрпаққа мол ғибрат, зор тағлым беру көрмеміздің басты мақсаты болды.

Көрме «Өмірдерек», «Сөнбейтін шамшырақ», «Әнім бақытым», «Арнаулар», «Естеліктер», «Сағынды елің үніңді», «Есте қалған тұлға», «Мәңгі бейне», «Құжаттар» және т.б. бөлімдерден тұрады.

Көрменің «Өмірдерек» бөлімінде әкеден ерте жетім қалып, анасына көмектесуді ойлап, ерте еңбекке араласып кеткен Болат Сыбановтың өмір жолы берілген. Бар өнерін халқына арнаған әншінің шығармашылығы туралы мерзімді басылымдар беттеріндегі мақалалардың толық мәтіні көрменің «Сөнбейтін шамшырық» бөлімінде орыналасқан. Е.Рахимовтың, М.Әлімбаевтың, А.Манабаевтың, М.Ибраевтың, Т.Теңізбаевтың, айтыскер ақын Д.Омарбаеваның әншіге арнаған өлеңдерін виртуалды көрменің «Арнау» бөлімі ұсынады.

Қазақ әндерін жанымен сүйетін тыңдаушы қауым, көрменің «Әнім – бақытым» бөлімінен, әншінің көзі тірісінде жарық көрген «Өнер – менің өмірім» атты шығармашылық жинағының толық мәтінімен таныса алады. Қазақстанның халық әртісі Б.К.Сыбановтың өмір жолында, өнер жолында сапарлас болған жазушы, филология ғылымдарының докторы, абайтанушы, әуезовтанушы, алаштанушы Тұрсын Жұртбай, жары Ү.Қ.Сыбанованың және әншінің дос, қызметтес болған әріптестері мен өнер зерттеушілерінің тебірене, толғана сыр шерткен бейнежазбалары «Есте қалған тұлға» бөлімі арқылы берілген.

Шарада қаламыздың зиялы қауым өкілдері, замандастары, Б.Сыбановтың жары Ү.Қ.Сыбанова өздерінің естеліктерімен бөліссе, Әміре Қашаубаев атындағы облыстық филармонияның әншілер, Б.Үдербаева, Б.Омаровтар Б.Сыбановтың әндерін нақышына келтіре орындады. Кезінде бірге қызметтес болған Абай атындағы мемлекеттік қазақ музыкалы-драма театрының актерлері Б.Имаханов, С.Әшімбеков, М.Сыдықов Болат Сыбановтың театрда ойнаған айтулы рольдерінен үзінділер көрсетті. Шараға музыка училищесінің және педагогикалық колледж студенттері қатысты.