Латын әліпбиі – болашақтың бағдары: дөңгелек үстел

25.10.17

Абай атындағы әмбебап кітапхананың латын әліпбиіне арналған кезекті шарасы Курчатов қалалық кітапханасында «Латын әліпбиі – болашақтың бағдары» атты дөңгелек үстелмен жалғасты. Дөңгелек үстелге   қалалық ішкі саясат бөлімімінің мамандары, қала мектептерінің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімдері, «Достық үйінің» қызметкерлері, кітапханашылар және мектеп оқушылары қатысып,  латын әліпбиінің қазақ тілін дамытудағы маңыздылығы, өзектілігі жайы жан-жақты талқыланды.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында латын емлесінің бүгінгі таңдағы логикалық маңызы, мемлекеттік тілдің аясының кеңейетіндігі жөнінде берілген шағын ақпараттан соң, кітапхана мамандары латын емлесімен шыққан қазақ тіліндегі басылымдарды слайд көрсетілімі арқылы шара қонақтарына таныстырды. Оның ішінде алаш қайраткерлері, ұлт зиялылары Ә. Ермековтің, С. Мұқановтың, Т. Жомартбаевтың, М.Әуезовтің, С.Сейфуллиннің т.б. сол жылдары жарияланған шығармалары бар.

Шара қонақтары дөңгелек үстел басында «Латын қарпіндегі басылымдар» атты кітап көрмесіне қойылған кітаптар туралы өздерінің пікірлерін ортаға салып, латын графикасына көшу рухани жаңғыруымыздың жарқын бір көрінісі дей келіп, мұндай құндылықтардың болашақта өздерінің қажеттіліктеріне пайдалану мүмкіндіктері бар екенін ризашылықпен жеткізді.