Латын қарпіндегі басылымдар Абай атындағы кітапхананың сирек қорында: ақпараттық сағат

07.12.17

Абай атындағы кітапхана қызметкерлері 7 желтоқсан күні «Латын қарпіндегі басылымдар Абай атындағы кітапхананың сирек қорында» атты ақпараттық сағат ұйымдастырды. Шараға қаламыздағы №22 орта мектеп оқушылары қатысты.

Ұлттың рухани жаңғыруын бастайтын нақты қадамдардың алдыңғы қатарына қазақ тілі жазуын латын жазуына көшіру мәселесі қойылып отыр. Бұл мәселе ұлттық сананы сілкінту, жаңғырту міндетінен туындап отырғандығы анық. Бүгінгі мектеп оқушылары қатысқан іс-шарада кітапхананың сирек басылымдар қорындағы ХХ ғасырдың бірінші жартысында жария көрген латын қарпіндегі басылымдар жайлы толық ақпарат берілді. Латын қарпіндегі басылымдарға арналған тұрақты кітап көрмесі шара қонақтарына ұсынылды. Шараға қатысушылар үшін ұлт зиялыларының сирек кездесетін туындыларымен қауышу ерекше сезім туғызды. Латын қарпімен жазылған, өткен ғасыр басында жария көрген кітаптармен танысу, тағдыры қилы авторлары жайлы ақпарат алу оқушылар үшін жаңа бір танымдық әлем болды.