Әди Шәріпов: өмір жолы: бейне-сабақ

22.12.17

Біздің жерлестеріміздің арасында әлем адамы деп атауға болатын адамдар бар, осындай адамның бірі жазушы Әди Шәріпов. Жазушының 105-жылдық мерейтойына орай, 22 желтоқсан күні Абай атындағы кітапханада гуманитарлық-заң және техникалық колледжінің студенттері қатысуымен «Әди Шәріпов: өмір жолы» атты бейне-сабақ өтті.

Әди Шариповке елеулі назар аударылуы кездейсоқ емес, өйткені ол жан-жақты адам: оқу-ағарту ісінің министрі, Қазақ КСР сыртқы істер министрі, оның аты «Әлемнің атақты адамдары» атты библиографиялық анықтамалыққа енгізілген, 350-ден аса ғылыми және публицистикалық жұмыстардың авторы, қазақ әдебиетінің хрестоматиясын құрастырушысы болып табылады. Оның қаламынан көптеген романдар, повестер мен әңгімелер жарық көрді: «Партизан қызы», «Дос сыры», «Әке қабірінде», «Тон», «Сахара қызы» және т.б.

Бейне-сабақ бірнеше бөлімнен тұрды:  Әди Шәріповтың өмірбаяны, ағартушылық және қоғамдық қызметі, әдеби-публицистикалық өмірі. Бейне материалда Мұхтар Әуезовтың ұлы Мұрат Әуезовтың, Әди Шәріповтың қызы Меруерт Шәріпованың естеліктері, жазушының қолымен ұстаған, қолданған заттары жинақталған музей жайлы бейне экскурсия мазмұндалған.

Жазушы шығармашылығымен жақынырақ танысу үшін «Әди Шәріпов: өмір жолы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.