Кітапханамен бірге оқимыз: әдеби-кітапханалық сабақ

23.12.17

22 желтоқсан күні қаламыздағы №20 Жалпы білім беретін дамыта оқыту мектебінің 5 «А» сынып оқушылары, қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі Р.А.Абишеваның жетекшілігімен «Кітапханамен бірге оқимыз» жобасы аясында кітапханамызға саяхат жасады.

Оқушылар еліміздегі ең көне кітапханамызда  болып, кітапхана тарихымен, «Абайдың рухани орталығында» Абай Құнанбайұлына қатысты сирек деректермен, ақынның өмірімен, шығармашылығымен танысты. Өз өнерлерін ортаға салған Полинова Катя, Губенская Ангелина, Муратова Малика, Мухамеджанов Арлан, Досбаев Дидар, Сабырбай Шыңғыс Абай өлеңдерін жатқа оқыды. Оқушылар Абайдың «Ғылым таппай мақтанба» өлеңін талдап, қандай бес асыл істі жанына серік етіп, қандай бес жаман қылықтардан арылу керегін анықтады. «Абайдың рухани орталығында» өткен сабақтарында балалар Абайдың 45 «Қара сөздеріндегі» адамгершілікке тәрбиелейтін сөздерді естіп, мазмұнымен танысты, викторина сұрақтарына жауап берді. Ерекше жағдайда, арнайы кабинетте өткен сабақ  балалардың білімге ынтасын арттырары анық.