Әр халықтың Жаңа Жылды қарсы алу дәстүрі: көрме

26.12.17

26 желтоқсан күні Абай атындағы кітапхананың қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Әр халықтың Жаңа Жылды қарсы алу дәстүрі» атты тақырыпта көрме өткізілді. Жаңа жыл – бүкіл әлемді бір мерекелік импульсте тоғыстыратын сиқырлы мереке. Әр елде Жаңа жылды әртүрлі жолдармен қарсы алып, атап өтеді. Көрме – шет елдердің Жаңа жылды қарсы алу дәстүрлеріне негізделіп, кітапхана пайдаланушылары үшін арнайы жасақталды. Аталмыш көрмеге «Мозаика», «Speak out» түрлі-түсті журналдарымен қатар, мемлекеттану мәселелері бойынша сыр шертетін әртүрлі баспадан шыққан кітаптар қойылды.

Көрмені тамашалаушылар жаңа жыл мейрамын әртүрлі қарсы алу мен тойлау туралы мынадай қызықты ақпараттармен танысты. Мәселен, Скандинавияда Жаңа жылдың алғашқы секундтарында келген жыл отбасы үшін ауру, сәтсіздіктерден арылу үшін, зұлым рухтардан құтылып, жақсы жыл болу үшін үстел астына дауыстап айғайлаған екен. Ал, Монғол елінде әрбір отбасы ескі жылды шығарып салған, ол дәстүрді «биттун» деп атаған. Осы сәттерде ұрсысуға, сөз таластыруға, өтірік айтуға болмайды деп шектеу жасалған. Егер ондай жайттар болса, бұл үлкен күнә деп есептелген. Швейцариялықтар бұл күндері мерекелік сәнді киімдерді міндетті түрде киіп, Әулие Сильвестер күні деп, өздерін «Сильвестрклаусами» деп атаған. Француздық Аяз ата – Пер-Ноэль Жаңа жыл түнінде келіп, сыйлықтарын балалар аяқ киіміне салып тастап кететін болған. Жаңа жыл тәттісіне қосылған бұршақты алған адам, «бұршақ патшасы» деген құрметті атау алып, жаңа жылдық түн сол адамның әмірі бойынша ары қарай жалғасатын болған. АҚШ-та Жаңа жыл мерекесі дәстүр бойынша Рождестваға қарағанда кішкене шағын көлемде ғана атап өтіледі. Әдетте американдықтар Жаңа жылды достар ортасында атап өтеді және Жаңа жыл қарсаңында шерулер, футбол матчтарын, қызықты іс-шаралар ұйымдастырады.

Іс-шараға қатысушылар, кітапхана пайдаланушылары осындай қызықты ақпараттармен таныса отырып, өздерінің Жаңа жыл туралы білетін қызықты ой-пікірлерін ортаға салып, жақсы көңіл-күймен тарқасты.