Мекені жастықтың, өнердің, Семейім – құтысың сен елдің: ақпарат көрмесі

10.01.18

2018 жылдың тарихи оқиғаларының бірі – 1718 жылы Ямышев бекінісі бой көтерген уақыттан бастап саналған Семей қаласының 300 жылдық мерекесі аталып өтіледі. 9 қаңтарда Абай атындағы кітапханада қала тарихына арналған кең көлемді кітап көрмесін ұйымдастырды.

Семей қаласының революцияға дейін Қазақстандағы ең ірі сауда орталығы болғанын, Ресей мен Қазақстанның, Батыс Қытай қалаларымен экономикалық қарым-қатынастарының дамуына үлес қосқанын, Семей қаласы өз заманының үздік өкілдері болған революционерлер мен демократтарға саяси мекен болған жер екенін, қаламызда көптеген тарихи оқиғалардың болғанын зерттеген өлке зерттеушілерінің, ғалымдардың, жазушылардың, өлкетанушыларының жазған кітаптары, монографиялары, мерзімді мақалалары кітап көрмесінен мол орын алып, пайдаланушылар үшін туған қаламызды білуге деген рухани қажеттіліктерін өтеуде тарихи-тағылымы зор болмақ.

Кітапхана қорында өлке тарихында ерекше орын алатын, қазақ халқының өмірінен көптеген құнды да қызықты материалдар жинақтаған «Записки Семипалатинского подотдела Западно-Сибирсткого отдела Императорского Русского Географического общества» атты ғылыми еңбектер жинағы, ШҚО-ның қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығының шығарған дерек-құжаттары, тарихшы-ғалым Ж.Қасымбаевтың «Семей қаласының тарихы (1718-1917 жж.), зерттеуші В.Кашляктың қала тарихына арналған «Семей. Үш ғасыр тарихы», «Семей храмдары: өткені мен бүгіні», «Семипалатинск: от бургомистра до Акима», «Печать Семипалатинска 1863-1963 г.г», 2010 жылы «Семипалатинские арабески» кітаптары, Д.Сейсеновтің «Семей елі, Семей жері», кітапхана құрастырған «Семей: кеше және бүгін» библиографиялық құралдары, көне шаһардың кешегі мен бүгінінінен сыр шертетін ақпараттардың мол қорын ұсынады.Аталмыш көрме жыл бойы оқырмандардың назарына ұсынылып, мол ақпарат береріне сенімдіміз.