«Алаштың жарық жұлдызы»: кітап көрмесі
9 ақпан күні ұлт зиялысы, мемлекет және қоғам қайраткері Жанайдар Сәдуақасовтың туғанына 120 жыл толуына орай кітапханамыздың «Абайдың рухани орталығында» «Алаштың жарық жұлдызы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Кітап көрмесінде орын алған әдебиеттер қоғам қайраткерінің өмірі мен күрделі қазақ қоғамында атқарған мол, шуақты істерімен таныстырады.
Ж.Сәдуақасовтың қысқа да қызықты, өнегелі өмірі еліміздің дамуының барлық саласында ізін қалдырған. Сирек басылымдар қорынан
Ж. Сәдуақасов редактор болған республикалық «Еңбекші қазақ» газетінің 1931 жылғы саны, 1932 – 1934 жылдарғы «Большевик Қазакстана» журналы, ол ұйымдастырған «Қазақ әдебиеті» газеті мен 1930 жылдарғы және қазіргі заманда жария көрген төл туындылары көрмеден көрініс тапты. Қазақстан Республикасының Ғылым Академиясының тарихы, тұңғыш Қазақ театрының тарихы да Ж.Сәдуақасовтың есімімен тығыз байланысты. Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін көтеру, жастарды үздік жоғары оқу орындарда оқыту, панасыз қалған балалар үйін, кітапхана, мектептер, сауат ашу орталықтарын ұйымдастыру сияқты ел тарихындағы күрделі кезеңнің барлық күрделі мәселелерімен айналысып, оңтайлы шешім таба білген үлкен жүректі тұлғамен жастар кеңінен танысу мүмкіндігіне ие болды.