Кітапты сыйлыққа ал!: акция

14.02.18

14 ақпан -Халықаралық кітап сыйлау күні. Бұл шараға жыл сайын әлемнің 30-дан астам елдерінің тұрғындары қатысады. Акцияның басты идеясы:  жақсы кітаптар сыйлау арқылы оқырмандарды  шабыттандырып,  қағаз түріндегі кітаптардың  технология  ғасырында да,  өз құндылығын жоғалтпай  өзекті болып  отырғандығын көрсету.

Халықаралық кітап сыйлау күні шеңберінде Абай атындағы кітапхана қызметкерлері №36803 әскери бөліміне және психо-неврологиялық диспансеріне «Кітапты сыйлыққа ал!» акциясын  ұйымдастырып, көптеген кітаптарды сыйға тартты.  Акцияны өткізу Семей қаласының тұрғыны Синенко Галина Федоровнаның кітапханаға 700 данадан аса кітапты сыйлағанынан кейін мүмкін болды. Кітапханамыздың қоры да пайдаланушыларымыздың көп сұранысына ие кітаптарымен толықты. №36803 әскер бөліміне, психо-неврологиялық диспансерге көркем әдебиеттер, орыс және шетел классикасы, Ұлы Отан соғысы жайлы және танымдық әдебиеттерден тұратын 500 данадан аса кітап сыйға берілді.

№36803 әскери бөлімнің кітапханашылары, психо-неврологиялық диспансердің қызметкерлері аталмыш акцияны өткізгені үшін Абай атындағы кітапхана ұжымына  өз алғыстарын білдіріп, осындай акцияларды ұйымдастыру дәстүрге айналса деп өз тілектерін білдірді. Психо-неврологиялық диспансердің тәрбиеленушілері кітапханашыларға алғыстарын білдіріп, өздері жасаған қолөнер туындыларын сыйға тартты, ал әскери бөлім бөлімше командирі атынан алғыс хат табыстады.