«Наурыз – достық пен гүлденудің мерекесі»: көрме-мереке
Бастауын ықылым замандардан алатын, бүгінде еліміздің батыс өңірінде ғана сақталып қалған дәстүр – 14 наурыз «Көрісу күніне» байланысты Орталық саябақта қалалық Достық үйінің «Наурыз – 2018» мерекесі аясында «Қауышу-көрісу» күні өткізілді. Халық арасында Наурыз мейрамын қарсы алу осы күннен басталады. Көрісу – қазақтардың ертеден келе жатқан салт-дәстүрі. Бұл күні ағайын-жұрағат, көрші-көлем, барлығы таңертең ерте тұрып, бір-бірімен қауышып, жақсы тілектер айтады. Бұл күні ағайындар арасындағы ескі реніш, өкпе кешірліп, бір-бірімен татуласады. Бұл мейрамда адамдардың кешірімді болуы, жақсылық тілеуі ғана емес, үлкендерге құрмет пен ізет дәріптеледі.
Орталық саябақта өткізілген мерекеде «Иртыш мұннары», «Айша Бибі», «Ахау, Семей» т.б. ұлттық орталықтарының әнші-бишілері өнер көрсетіп, халыққа көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Мерекеге қала тұрғындары, студенттер, мәдени орталықтар, мәдениет мекемелері, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Осы мерекеге орай Абай атындағы кітапхана қызметкерлері Достық үйімен бірлесіп өткізілген мерекеде «Наурыз – достық пен гүлденудің мерекесі» атты тақырыпта кітап көрмесін ұйымдастырды. Кітап көрмесіне қазақтың салт-дәстүріне, ұлттық тағамдары, ұлттық киімдері мен қолөнеріне байланысты кітаптар қойылды. Көрмеге қойылған С. Кенжеахметовтың «Қазақтың салт-дәстүрлері», «Жеті қазына», «Наурыз нақыштары», «Қазақтың ұлттық тағамдары» т.б. кітаптар мерекеге қатысушылардың қызығушылығын туғызды. Аталмыш кітап көрмесі кітапхананың оқу залында айдың соңына дейін оқырмандар назарына ұсынылады.