Менің мамандығым – адамдарды құтқару: ақпараттық сағат

15.05.18

15 мамыр күні Абай кітапханасы  Семей қалалық Жастар ресурстық орталығымен бірлесе отырып №1 орта мектептің оқушыларына «Менің мамандығым – адамдарды құтқару» атты  ақпараттық сағат ұйымдастырды. Шараға қатысушыларды әр түрлі мамандық иелеріне арналған «Кітап – мамандыққа  жол  сілтейді» атты  кітап көрмесі қарсы алды.

Елбасы «100 нақты қадам» бағдарламасының 88-қадамында   тәуелсіздік жылдарында мемлекеттік саясаттың арқасында еңбек, кәсіпкерлік, ғылым мен білім және басқа да кәсіптік қызметтерде жоғары нәтижелерге қол жеткізген қазақстандықтардың (біздің заманымыздың батырларының) табыстарының дербес тарихын ескере отырып, жалпыға ортақ еңбек қоғамы идеяларын ілгерілетуге, жұмысшы және кәсіптік-техникалық мамандықтардың артықшылықтары мен танымалдылығын насихаттауға бағыттады.

Ғаламдағы ең қауіпті мамандықтардың бірі – өрт сөндіруші қызметі. Нағыз ер азаматтарға тән мамандық жүректілік пен батылдықты талап етеді.

Жасөспірімдерді өрт сөндіруші мамандығына баулу және оларға қауіпсіздік шаралары туралы ақпарат беру мақсатында ұйымдастырылған аталмыш шараға  ұжымның намысы мен елдің тыныштығын қалтқысыз қорғап, Президент қолынан марапат алған өрт сөндіруші қызметкерлер  Тоқтамысов Болат Әсетұлы  және Нұрқасым Мұрат Абуғапұлы  арнайы шақырылды.  Мамандар қатысушыларға өрт сөндіруші мамандығы жоғары дене дайындығын, шыдамды жүйке жүйесін, төзімділікті, апаттар салдарынан болатын қорқынышты жеңе білетін қабілетті, жеткілікті дайындықты талап ететінін,  сондай-ақ, халықтың өмірін, дүние-мүлкін қорғау үшін от жалынымен арпалысып жан қиюға дейін баратын өте қауіпті де, жауапты мамандық екендігі жайлы  түсініктеме беріп, қойылған  сауалдарға жауап берді.

«Жас құтқарушылар мектебінің» оқытушысы, «Прииртышье» Қоғамдық бірлестігінің мүшесі, өлкетанушы Рыкова Наталья Владимировна мектептің  жазғы маусымының  жұмыс жоспарымен таныстырды, сонымен қатар, оқушыларға  өрттен құтқару тәртібімен бірге, өрт сөндіру құралдары мен техникасы  жайлы сипаттайтын бейне-көрсетілім  ұсынылды.