Ұлы Даланың ұлы құндылықтары: интеллектуалды викторина

05.06.18

4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне орай балалар әдебиеттері бөлімі №37 мектептің жазғы демалыс лагерінде демалушы балаларды Қазақстан Республикасының рәміздерін құрметтеуге, Отан  сүйгіштікке  тәрбиелеуге баулу мақсатында интеллектуалды танымдық ойын бағдарламасын ұйымдастырды.

Мемлекеттік Әнұранды орындаумен басталған шара барысында оқушыларға әнұранның шығу тарихы мен авторлары жайында ақпараттар берілді.  Лагерь оқушылары  Отан, Туған ел, Достық туралы мақал-мәтелдер айтып, «Кім алғыр», «Жалғасын тап», «Кім жылдам?» атты викториналық ойындар ойнап, сұрақтарға жауап берді. Қатысушылар «Қазақстан – ортақ үйіміз» атты мультфильмді тамашалап, үлкен тәрбиелік мәні бар ақпараттар алды.

Арнайы жасақталған «Мемлекеттік рәміздер – ұлттық мақтаныш»  тақырыбындағы кітап көрмесіне шолу жасалынып, «Ел мәртебесі – ел нышандары» атты бейнеслайд көрсетілді.

Шара сонында рәміздер мерекесіне арналған кешке белсенді қатысқан лагерь балаларына естелік сыйлықтар табысталды.  Шараға қатысқан  оқырмандар  алған  әсерлерімен  бөлісіп, ұйымдастырушыларға  алғыстарын білдірді. Интеллектуалды танымдық ойын бағдарламасы «Көк тудың желбірегені» атты патриоттық әнді бірлесіп шырқаумен аяқталды.