Рухани жаңғыру: Latyn – құнды мұра: ретро-көрме

27.06.18

Абай атындағы әмбебап кітапханасы қазақ қоғамы үшін аса өзекті тақырып латын графикасы жайында ауылды жерлерге шығып ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда.

2018 жылдың 27 маусымында «Латын әліпбиіне көшу – жаңғыруымыздың жаңа кезеңі» тақырыбында Күршім ауданының мәдениет, тілдіреді дамыту бөлімінің және Күршім аудандық кітапханасының ұйымдастырумен ғылыми-практикалық конференцияға қатысу үшін Күршім ауылдық елді мекеніне іс сапармен барды.

Шараға келген қонақтар кітапхананың алтын қорынан ұйымдастырылған «Рухани жаңғыру: Latyn-құнды мұра» атты кең көлемді кітап көрмесімен танысты. Көрмеге 1930-40 жылдардағы тарихи кезеңдердің  қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық тіршілігінен  ақпарат беретін түрлі ғылым саласынан жазылған қазақ зиялыларының еңбектері, пән оқулықтары мен оқу құралдары, бағдарламалары, көркем әдебиет басылымдары қойылған.

Кітапхана мамандары ХХ ғасырдың 1-ші жартысында шыққан латын қаріпіндегі кітаптармен таныстырып қана қоймай, кітап авторларының  қиын-қыстау кезеңдегі тағдырларынан да құнды ақпараттар берді. Сонымен бірге, 13 кітапты құрайтын латын қарпіндегі QR-кодты кітап сөресімен танысу барысында қызығушылық білдірген ауыл тұрғындары смартфон мен планшеттерге электрондық нұсқасын көшіріп алу  мүмкіндігіне ие болды. Танымдық маңызы зор мағыналы басқосуға жиналған  қатысушылар басылымдармен танысу барысында латын жазуы еліміздің болашағы үшін аса қажет екендігін және  қолдайтындықтарын ризашылықпен білдірді.