Тұрсын Жұртбай – тұғырлы тұлға: шығармашылық кездесу

28.06.18

26 маусым күні «Рухани жанғыру» бағдарламасы аясында Астананың 20 жылдық мерейтойына орай, Абай атындағы кітапханада Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор, абайтанушы, әуезовтанушы Тұрсын Жұртбайдың шығармашылығына арналған «Тұрсын  Жұртбай – тұғырлы тұлға» атты кездесуі кеші өтті.

Шара Тұрсын Жұртбайдың өмірі мен шығармашылығын насихаттау мақсатында  ұйымдастырылды. Кездесуге қаламыздың ақын-жазушылары,  зиялы қауым өкілдері, қала тұрғындары, жазушының сыныптастары,  кітапханашылар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Шақырылған қонақтарды  «Ұраным – Алаш»,  «Боль моя,  гордость моя – Алаш», «Біртұтас алаш идеясы: зерттеулер», «Алаш идеясы және Смагұл Сәдуақасов», «Ар ілім – өз жүрегіне ұйыған иманың», «Біртұтас алаш идеясы және Шығыс Түркістан ұлт-азаттық қозғаласы», «Алаш арыстарының хаттары», «Алаш идеясы», «Біртұтас алаш идеясы және Мұхтар Әуезов» және т.б. кітаптар мен мерзімді басылым беттерінде жарық көрген автордың  мақалалары қойылған «Тұрсын Жұртбайдың кітап әлемі» атты басылымдар көрмесі қарсы алды.

Аталмыш кештің тізгінін ұстаған ақын, Қазақстан Жазушылар одағының Семейдегі филиалының төрағасы Мерей Қарт жазушының шығармашылық қызметінің негізгі бағыттары туралы әңгімелеп берді. Қонақтар жазушының  мектеп қабырғасында бірге оқыған сыныптастарының қызықты естеліктері, қазақ тілі мен әдебиет пәнінен сабақ берген мұғалімі Жәңгір Исайнова туралы әңгімелеріне ерекше қызығушылық танытты.  Т.Жұртбай Жәңгір Исайнованың  ықпалымен әдебиетке деген сүйіспеншілігі оянып, ол махаббат бүкіл өмірін түбегейлі өзгерткенін баян етті.

Т.Жұртбайдың ғылыми жұмыстарының негізгі бағыттары абайтану, әуезовтану және алаштану зерттеу жұмыстары болып табылады.

Кездесуді «Ұстаз. Жазушы. Ғалым» тақырыбындағы бейнеслайд толықытырды. Белгілі жазушы, жерлесіміз Тұрсын Құдакелдіұлының шығармашылық кездесу кеші барлық қонақтардың мерекесіне айналды.