Домбыра – халық мұрасы: кең көлемді кітап көрмесі

28.06.18

28 маусым күні Абай атындағы кітапханада кітапхана оқырмандарына арнап Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен бекітілген жаңа мейрам – Ұлттық домбыра күніне арналған «Домбыра – халық мұрасы» атты үш бөлімнен тұратын  кең көлемді кітап көрмесін жасақтады.

Көрменің мақсаты: рухани жаңғыру жолында ғасырлар бойы әр қазақтың төрінен орын алған қастерлі домбыраның мәртебесін жаңғырту, жастардың ұлттық құндылықтарға қызығушылығы мен құрметін арттыра түсу.

Домбыра туралы аңызбен басталған үш бөлімді кітап көрмесінде  домбыра жасаушы шеберлердің өзіндік ерекшеліктеріне дейін қамтылған деректермен қоса, күй тарихы, шертпе күйдің шеберлері туралы мәліметтер,  Әбуғазы М. «Қазақтың домбыра өнері», Бекенов У. «Күй керуені», Жұмабайұлы Б. «Күй – шежіре», Әзірбаев К. «Жан серігім, домбыра», Жанболатов М. «Ән – домбыра»  т.б. атты жинақтармен бірге мерзімді басылымдар беттерінде жарық көрген мақалалар топтамаларына шолу жасалынды.  Әсіресе  қазақ халқына мәңгілік сарын сыйлаған  дәстүрлі күй бұлақтары – Құрманғазы, Тәттімбет, Қазанғап, Дәулеткерей, Байжігіт, Қожеке, Сүгір күйлері енген қазақ мәдениеті мен өнеріне аса зор рухани серпіліс әкелген құнды дүние –  «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» домбыра күйлері антологиясына  оқырмандар аса қызығушылық танытты. Халық әндері мен күйлері, ертегілері  топтастырылған жаңаша үлгіде насихаттайтын «Электронды қазақ үйден» күмбірлеген домбыра үні оқырман балдырғандарға ерекше әсер қалдырды. Сонымен бірге жас оқырмандар домбыра аспабының құрылысымен танысып, домбырада ойнап көрді.