Елімнің бас қаласы – Астана: әдеби-музыкалық кеш

03.07.18

3 шілде күні Семей қаласындағы жалпы типтегі қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекемесінде «Елімнің бас қаласы – Астана» атты әдеби-музыкалық кеш өткізілді. Шара барысында Астана қаласының тарихы, 20 жылда жеткен жетістіктері жайлы айтылып, деректі фильм көрсетіліп, кең көлемді кітап көрмесі ұсынылды.

Кешке қатысушылар Астананың экономикалық, саяси және әлеуметтік жетістіктерімен және Елорданың Алматыдан Астанаға ауысуы жайындағы   тарихи маңызды құжаттары туралы мағлұмат беретін «Астананың 20 жетістіктері» атты деректі фильмді тамашалады. Фильмде Елорда өміріндегі қызықты фактілер: Қазақстандағы ең ірі ту, көне 120 жастағы қара терек, Астананың ең биік ғимараттары, көлбеу лифтілер, 120 тонналық теңіз тұзы бар океанариум, Астананың 15 жылдығын тойлауға пісірілген 600 килограмм торт және тағыда басқа да қызықты көріністер көрсетілді.

«Астана – Еуразияның жүрегі» фильмі көрсетілім барысында еліміздің Бас қаласының әр жылдардағы бастан кешкен тарихи кезеңдері туралы, жаңа ғасырда тұғырын биіктететіп талай жетістіктерді бастан кешірген Астана жайлы өзекті мағлұматтар берілді.

Аталмыш шарада Әміре Қашаубаев атындағы облыстық  филармонияның әншісі Бақытжан Түктібаевтың «Мен – Қазақпын», «Таң сыры», «Ауылға барам», «Көршінің қызы» атты әндері орындалды.

«Астана – Еуразия жүрегі» кітап көрмесіне шолу іс-шараның әдеби бөлігін аша түсті. Көрме кітаптар, мерзімді, мультимедиялық басылымдар, Астана қаласының көрікті жерлері бейнеленген ашық карталармен толықтырылды.