«Рухани жаңғыру» ұлттық бағдарламасы аясындағы көрмелер

10.09.18

Абай атындағы кітапхана  Өскемен қаласында өткен IV «Ақ Ертіс» Халықаралық классикалық музыка фестиваліне  қатысып қайтты. Кітапхана қызметкерлері театрдың фойесінде шара қонақтарына  Елбасының  «Рухани жаңғыру» ұлттық бағдарламасы аясында жарық көрген «Абай әлемі»  кітаптар топтамасын  және кітапханамыздың сирек басылымдар қорындағы  «Латын қарпіндегі сирек басылымдар»  көрмесін ұсынды.

Бес жылға жоспарланған  «Абай әлемі» жобасының мақсаты: Қазақстанның мәдениеті мен әдебиетінің дамуына ықпал ету, туған өлкемізден шыққан ұлы тұлғаларымыз бен  танымал  ақын-жазушылардың туындыларын қайта жаңғыртып шығару,  оқырмандарға әйгілеу, жастарға үлгі ету және Отансүйгіштікке тәрбиелеу.

Әлем әдебиетінің үш бірдей алыбы Абай, Шәкәрім, Мұхтардың шығармалары мен халық ақыны Абайдың шәкірті Төлеу Көбдіковтың туындыларын,  орыс жазушысы Федор Достоевскийдің Семей қаласында өмір сүрген кезеңінде жазылған еңбектері мен әнші Әміре Қашаубаев жайлы деректі хикаяттар, естеліктер сондай-ақ, өлкемізден шыққан танымал талант иелерінің шығармаларын қайта жаңғыртып шығару жобаның басты жаңалығы болып табылады.  Шараға қатысушы қонақтар жоба аясында жарық көрген жаңа кітаптарға қызығушылық танытып, кітаптарға енген  танымал тұлғалардың жазған алғысөзімен, жалпы кітаптың мазмұнымен  танысты.   Көрмеден орын алған жаңа әдебиеттермен оқырман қауым жақын арада облыс кітапханаларынан алып оқитын болады.

«Абай әлемі» кітаптар топтамасын баспадан шығару үшін ақын-жазушылардың шығармаларын бағалау және жариялау жөніндегі кеңеске жазушы КСРО-ның Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері Медеу Сапаұлы Сәрсеке жетекшілік етуде. Көрменің соңы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жарық көрген М.Сәрсекенің «Қазақтың Канышы. Феномен.The Phenomenon» туындысының 17-ші басылымын таныстырумен жалғасты. Жазушы 50 жылдан артық өмірін Қ.Сәтбаевтың өмірін зерттеуге арнаған. Қаламгердің аталған кітабы қазақ, орыс ағылшын тілдерінде алғаш рет жарияланып отыр.

Сондай-ақ, өткен ғасырдың 1929-1940 жылдары жарық көріп күні бүгінге дейін кітапхана қорында сақталған сирек қордан жасақталған «Латын қарпіндегі сирек басылымдар»   көрмесі шараға қонақтарын таң қалдырды.  Қатысушылар латын қарпіндегі сирек кітаптар көрмесінен түрлі ғылым саласындағы  қазақ елінің сол тарихи кезеңдегі қоғамдық-саяси, әлеуметтік өмірінен ақпарат беретін  ұлт зиялыларының зерттеулерімен, ғылыми еңбектерімен танысты.  Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың 1936, 1939 жылдары жарық көрген шығармалары мен қазақ зиялылары Б.Майлиннің, С.Сейфуллиннің, Ғ.Мүсіреповтың, С.Мұқановтың, Қ.Басымұлының, Қ.Жұбановтың, Т.Шонановтың, Ұ.Құлымбетовтың, Т.Арыстанбековтың, А.Маметовтың, А.Сейітовтың, Ә.Ермековтың, Х.Есенбайұлының, М.Әуезовтің құнды шығармалары және мерзімді басылымдар  қатысушылардың үлкен қызығушылығын тудырды.

Шараға қатысушы қонақтар мен Өскемендік жерлестеріміз үшін «Абай әлемі» кітаптар топтамасы мен латын қарпіндегі басылымдар  жағымды тосын сый болды.