Бір ел – бір кітап акциясы: оnline-конференция

27.09.18

27 қыркүйек күні «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында Абай кітапханасы Ж. Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасы және Оңтүстік Қазақстан облыстық жасөспірімдер кітапханаларымен бірігіп оnline-тәртібіндегі конференцияға қатысты.

Республикалық акцияның тарихында бірінші рет жалпыхалықтық оқуға бір емес, үш бірдей кемеңгер жазушылардың шығармалалары жастарға рух беретін, ерлік пен батырлықты насихаттауға бағытталды.

Оnline-конференция барысында оқырмандар назарына ұсынылған ауыр науқасқа шалдығып, көп жылдар бойы төсек тартып жатқан мүгедек жанның сын сағаттағы ой-толғаныстарын, мөлдір махаббатын суреттейтін жазушы, ғалым Немат Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» хикаят-монологы жайында, ата-бабаның шығу тегін, ұрпақ тәрбиесін, әлеуметтік жағдайын баяндайтын Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» кітабы мен жерлесіміз философ, тарихшы Шәкәрім Құдайбердіұлының философиялық шығармалары төңірегінде ой бөлісіп, пікір алмасты.

Шара барысында абайтанушы, ғалым Асан Омаров Шәкәрім шығармалары жайында ақын ойының асылдығы мен кемеңгерлігін баяндап, «…бұл шығармаларды бір ұлт үшін ғана емес, барша ұлттар үшін де ортақ рухани құндылық деуге болады» деп өз пікірін білдірді.

Ал, Әміре Қашаубаев атындағы филармонияның әншісі Жасұлан Тәжиев Шәкәрім Құдайбердіұлының «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» әнімен көрермендерді тәнті етті.
Бүгінгі шараға қатысқан М.О.Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің студенттері тақырып бойынша құнды деректерді қамтып, ойларын ортаға салып, тыңдаушыларына жеткізе білді. Шара қонақтары конференциядан үлкен әсер алып, тарқасты.