Аға буын бестселлері: көрме – ностальгия

02.10.18

1 қазан – Халықаралық қарттар күні. Бұл мереке   қарттарымызға, олардың ғұмыр бойы істеген еңбектеріне әрі мемлекетіміздің қалыптасуына қосқан зор үлестеріне сый-құрмет көрсету үшін Қазақстанда да жыл сайын дәстүрлі түрде аталып өтіледі. Қарттықтың әдемілігі, сол жастың рақатын сезінумен қатар, бос уақытты тиімді пайдалануда кітап оқумен ұштастырудың маңызы зор.

Осы орайды 2 қазан күні Абай кітапханасы оқырмандардың  бойына үлкенді сыйлай білуге, инабаттылық пен мейірімділікке тәрбиелеу  мақсатында  қазыналы қарттарымыздың төл мерекесіне  орай, үш бөлімнен тұратын   «Аға буын бестселлері» атты  көрме – ностальгияны оқырмандар назарына ұсынды.

«Жас үйлесілімдігі» атты  бірінші бөлімде салауатты өмір салты, егде жастағы адамдардың ұзақ өмір сүруі,  қазіргі заманғы сауықтыру әдістемелері жайлы  кітаптармен бірге   «Салауатты өмір салты», «Денсаулық», «Үй ошағы»  т.б.  танымал газеттерден жарияланымдар қойылды.

«Сіздің жастық шағыңыз» атты келесі бөлімде С. Мұқановтың «Сұлушаш», Ғ.Мүсіреповтің «Ұлпан», Д.Нагишкиннің  «Бонивур жүрегі» және т.б   туындылар қойылып, оқырман назарына ұсынылды.

«Жаңа мүмкіндіктерді  ашыңыздар» атты көрменің үшінші бөлімінде   аға ұрпаққа жаңа технологияны  меңгерту,  бисер тоқу, шыныдан   декупаж жасау сияқты қарттарды шабыттандырып, өмірге құштарлықтарын арттыратын пайдалы кеңес беретін кітаптар,   С. Юель «Декупаж», «Бөлме өсімдіктерінің жаңа энциклопедиясы», «Таңдаулы шыны өз қолымызбен» атты туындылар  да оқырмандар назарынан тыс қалмады.

Кітапхана қызметкерлері  ардагер оқырмандарға бүгінгі ұрпақ үшін жасаған бар жақсылықтары үшін шынайы алғыстарын  білдіріп, зор денсаулық,  ұзақ ғұмыр тіледі.