Рухани жаңғыру. Халық ақыл-ойының жауһары: әдеби портрет

22.10.18

19 қазан күні балалар әдебиеттері бөлімінің қызметкерлері қаламыздағы №16 ЖББО мектептің 4 «Г» сынып оқушыларына «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, қазақ балалар әдебиетінің қаламгері, ақын, сыншы Мұзафар Әлімбаевтың туғанына 95 жыл толуына арналып, «Балдырған» журналының құрылғанына 60 жыл толуына орай  «Халық ақыл-ойының жауһары» атты  әдеби портрет кешін өткізді. Ұрпағына ұлағатты із қалдырған қаламгер, балаларды бағбандай мәпелеп, «О, Маралдым, Маралдым, сенің үшін жаралдым!» деп туған елін  әнге қосты.

Шара барысында оқушыларға саналы ғұмырын ұлт әдебиетінің әлемдік биікке көтерілуіне арнаған,  көп жылдар бойы «Балдырған», «Ақ желкен», «Қазақ әдебиеті» журналдарын басқарған жазушы Мұзафар Әлімбаевтың өмірбаяны, шығармашылығы және еңбектері таныстырылып, жан-жақты ақпараттар берілді.

Оқушылар ақын атамыздың өлеңдерін жатқа оқып, мақал-мәтелін айтып, жұмбағын жатқа білетінін көрсетті. «Жұмбақтарын шешейік» атты сайыста балалар байқампаздық байқатып, ақынның жұмбақтарын және шытырман сөзжұмбақтарды шешуде тапқырлық танытты.

Оқушылар  арасында «Балдырған: кеше, бүгін», «Сен білесің бе?», «Ойлан тап» т.б. викториналар, танымдық ойындар, сайыстар өткізілді. Командалық   ойындарға қатысып, викториналық сұрақтарға жауап беріп,  барлық қатысушылар сайыстарға белсене қатысып, өздерінің білімдерін көрсетіп, ойларын жеткізе білді.

Арнайы ұйымдастырған «Қазақ балалар әдебиетінің қаламгері»  тақырыбындағы кітап көрмесіндегі ақынның шығармаларының мазмұны таныстырылып, «Балалардың сүйікті жыршысы» атты слайд көрсетілімі ұсынылды. Шара соңында сынып жетекшісі Нұргүл Ахметқызы осындай маңызды шараны ұйымдастырып, өткізгені үшін кітапхана қызметкерлеріне үлкен алғысын білдірді.