Әміре шыңы: әдеби-сазды еске алу кеші

24.10.18

24 қазан  күні Абай кітапханасында қазақ халқының дүлдүл әншісі, тума дарын Әміре Қашаубайұлының туғанына 130 жыл толуына орай «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында әншінің өмірі мен мәдени шығармашылығын жас оқырмандарға дәріптеу мақсатында №16 орта мектеп оқушылары мен кітапхана оқырмандарына арнап «Әміре шыңы» атты әдеби-сазды еске алу кеші өтті.

Кеш барысында абайтанушы, халық композиторы, қолөнер шебері Арғынбек Ахмеджанов, Абай атындағы қазақ драма театрының әнші-актері, ҚР мәдениет қайраткері Сыдықов Мырзахан, Ә. Қашаубаев атындағы филормонияның  дәстүрлі әншілері  Бақыт Үдербаева, Ахметов Мейрамбек және Берік Омаровтар  өнер иесі жайында естеліктер айтып, әнші орындаған әндерден шашу шашса, Шәкәрім университетінің студенті Шарифоллина Балауса әнші жайлы толғау айтып, №16 орта мектебінің оқушысы Рымқанов Ерасыл «Әміре мен Ақтамақ» поэмасынан үзіндіні нақышына келтіре орындап, кеш ажарын аша түсті.

Көрермендерге «Тың жаңалықтар» атты телехабардан берілген әнші жайындағы бейнесюжет көрсетіліп, Әміре бабамыздың үнтаспаға жазылған жанды дауысы тыңдалды, сонымен бірге «Әміре» фильмінен үзінді көрсетіліп  кештің мазмұны толықтырыла түсті.

Кеш қонақтары назарына кітапхана қорынан алынған әдебиеттер мен мерзімді басылымдар беттерінде жарық көрген мақалалар топтамаларынан жасақталған «Ән асқары – Әміре» атты кең көлемді кітап көрмесіне шолу жасалынды. Қазақтың әншілік өнерін әлемге танытқан Әміре Қашаубайұлының өмір жолы мен шығармашылығы әлі де зерттеледі деген ойдамыз.