«Абай әлемі» кітаптар топтамасы: тұсаукесер

15.12.18

15 желтоқсан күні Шығыс Қазақстан облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы ҚР Тәуелсіздігі мерекесі қарсаңында Абай атындағы музыкалық драма театрында Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ШҚО әкімдігінің қолдауымен жарық көрген «Абай әлемі» кітаптар топтамасының тұсаукесерін ұйымдастырды.

Ақын-жазушылардың шығармаларын бағалау және жариялау жөніндегі кеңеске жазушы КСРО-ның Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Медеу Сапаұлы Сәрсеке жетекшілік етуде.

«Абай әлемі» жобасының тұсаукесері – дәстүр мен жаңашылдықты біріктіретін кітап оқиғасындағы жаңа нұсқа. Шараға қатысушы қонақтарды «Абай әлемі» кітаптар топтамасынан жасақталған авторлардың портретімен көмкерілген жаңа кітаптар экспозициясы мен «Абай әлемі» инсталляциясы қарсы алды. Топтаманың алғашқы жинағында Астана қаласындағы «Фолиант» баспасынан 10 автордың 16 кітабы (барлығы 13689 дана) жарық көрді. Ұлы ақын А.Құнанбайұлы шығармаларының 1-2 томы қазақ, орыс тілдерінде, ақын-философ Ш.Құдайбердіұлы шығармаларының 1-2 томы қазақ тілінде, ұлы жазушы М.Әуезовтің «Путь Абая» роман-эпопеясы орыс жазушысы А.Кимнің аудармасымен 1-4 томдары орыс тілінде жарық көрді. Қазақстанның тұңғыш Халық ақыны атанған Т.Көбдікұлының «Атандым өз тұсымда ақын Төлеу» шығармасы қазақ тілінде, орыстың ұлы жазушысы Ф.Достоевскийдің «Семипалатинский период» (1854-1859 жж.) шығармасы орыс тілінде, аты аңызға айналған Әміре әнші туралы «Әнші Әміре» естеліктер жинағы қазақ және орыс тілдерінде, балалар жазушысы М.Қабанбаевтың шығармалары, М.Сәрсекенің «Взрыв», «Клад» романдары, А.Ивановтың «Тени исчезают в полдень» романы мен Б.Щербаковтың шығармалары орыс тілінде жарық көрді. Кітаптарды оқуға қызығушылық танытқан оқырман қауым алдағы уақытта бұл кітаптарды шығыс өңірі кітапханаларының қорынан және цифрлы нұсқасын ҚР ҰЭК қорынан тауып оқи алатын болады.

«Абай әлемі» кітаптар топтамасының тұсаукесеріне арналған шарада театр әртістері кітап авторлары мен олардың шығармаларына байланысты сюжеттерді орындады.

«Абай әлемі» кітаптар топтамасы Семей қаласының мәдени өміріндегі  ауқымды жаңалық және кітапсүйер қауым үшін айтулы мереке болады.