Семей көпестерінің мұралары: өлкетану қонақжайы

26.12.18

Ағымдағы жылдың 23 желтоқсанында өткізілген өлкетану қонақжайының кезекті саны  Семей тарихында айтарлықтай із қалдырған Семей көпестерінен қалған  тарихи-мәдени орындарына виртуалды саяхат жасаумен басталды.  Семей қаласы – Ресейдің қазақ даласымен, Орта Азиямен, Батыс Қытаймен саяси, экономикалық, мәдени байланыс қатынастарының өзекті орталық қаласына айналған болатын.

Семей қаласының өркендеуі мен өсуіне сол заманда қызмет еткен көпес-саудагерлердің еңбектері ұшан-теңіз болды. Осылайша, қалаға қоныстанған көпестердің араласуымен тұрғын үйлер салынып, дүкендер саны көбейе бастады.  Олардың араласуымен мектеп – гимназиялар, мешіт,  шіркеулер  салынып, су құбырлары тартылды.

Ұстаз, физик М.И. Ситуда қатысушыларды Семей қаласында тұрған және дамуына ерекше үлес қосқан 70-тен аса көпестер туралы мәліметтермен  таныстырды.  Олардың арасында  Михайлов П.В., Шульц Х.Ф., Бардыгин М.Н., Второв А.Ф., Соседов М.Л., Матягин П.И, Ложкин  И.М., Лушников А.М.,  Ершов Р.В., Плещеев П.Ф., Сахно П.Ф. және т.б. туралы  деректерінде  көпестердің халық игілігі үшін жасаған қызметтері жайында айтылды. Татарлардың басым бөлігі қала тарихында саудамен айналысқаны тарихта мәлім.  Қаланың Жоламан бөлігінің негізін қалаған  меценат – Жоламан Жандарбековке сол ауданның орталығына есткерткіш ретінде бюсті тұрғызылған.

Сол заманды айғақтайтын  монеталар,  тарихи суреттер, төсбелгілер, заманында сауда ақпараттарын жарнамалаған хабарландырулардан құрастырылған  көрме шара қатысушыларының назарын аударды. Сонымен қатар, кітапхананың сирек басылымдарында  қала көпестері туралы жазылған  мәліметтерге де шолу жасалды. Шара соңында М.И.Ситуда кітапханаға бірнеше өлкетану кітапшаларын сыйға тартты.