Уақыт Сізді таңдады…: Ауған соғысы ардагерлерімен кездесу

12.02.19

Ауған соғысы – Кеңес Одағы кезіндегі қайғылы тарихи оқиғалардың бірі. 1989 жылы 15 ақпанда КСРО халқы Ауғанстаннан қайтқан жауынгерлерді қарсы алып, биыл  Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен толықтай шыққанына 30 жыл толады.

Абай  атындағы облыстық әмбебап кітапханасында 12 ақпан күні «Уақыт Сізді таңдады…» атты ауған соғысы ардагерлерімен кездесу кеші өтті.

Кештің мақсаты: ауған соғысы ардагерлеріне құрмет көрсету, жат жерде көз жұмған жерлес азаматтарымызды еске алу, жастарға патриоттық тәрбие беру.

Кездесуге  өмірінің өлшеулі бір бөлігін, жалындаған жастық шағының жартысын  оқ пен от арасында өткізіп, елге аман-сау оралып, туған жерімен қауышқан интернационалист-жауынгерлер Боранбай Оразбайұлы Бегатов, Совет Мұратұлы Айтбаев, Виктор Степанович Казаков, Еділ Слямғазыұлы Өміртаев қатысты.

Ауған соғысының ардагерлері Ауғанстандағы әскери қызметі туралы естеліктермен бөлісті. Шара әрбір жауынгер-интернационалистің әңгімесі дембель альбомынан алынған фотосуреттері көрсетілген бейнероликпен толықтырылды.

Кездесу барысында «Жас Ұлан» ерлер лицейі тәрбиеленушілерінің,  татар өнер мектебінің, «Казаки Прииртышья» халық хорының орындауларында бейбітшілік, достық туралы  патриоттық әндер шырқалды.

Іс-шараға қатысушыларға деректі очерктер, фотоальбомдар, ауған соғысы жауынгерлері туралы мерзімді басылымдардан мақалалар ұсынылды, ауған жолдарымен өткен жерлес жас сарбаздардың ерліктері туралы баяндайтын «Ауған соғысы тарихының беттері» атты кітап көрмесімен танысты.

Көрмені Семей қаласының әскери Даңқ мұражайы ұсынған жауынгер-интернационалистердің жеке құжаттарынан, заттарынан экспозиция толықтырды.

Іс-шараға «Қайнар» колледжінің, геологиялық-барлау колледжінің студенттері, «Жас ұлан» ерлер лицейі тәрбиеленушілері, Радиотехника және байланыс колледжінің студенттері және кітапхана оқырмандары қатысты.