Сан қырлы қаламгер: кітап көрмесі
20 ақпан күні кітапхана қызметкерлері жазушы, журналист Дәулет Сейсенұлының 70 жасқа толу мерейтойына орай «Сан қырлы қаламгер» тақырыбында мазмұнды кітап көрмесін оқырмандар назарына ұсынды.
Дәулет Сейсенұлының қазақ әдебиетінде алатын орны ерекше. Жазушының қаламынан туған ғұмырнамалық роман – естеліктері, деректі әңгімелері мен публицистикалық толғаулары танымдық сипатта оқырмандар жүрегіне жол тапты. Шара барысында жазушының «Жұлдыздар сөнбейді», «Қазақтың саны қанша», «Семей елі, Семей жері», «Шежірелі Шыңғыстау», «Шәкәрім» ғұмырбаяндық шығармаларына, «Өзге емес өзім айтам өз жайымды» деректі еңбегіне, мерзімді басылым беттерінде жарияланған мақалаларына жан-жақты шолу жасалынды. Абыралы, Қайнар өңірінің щерлі тарихы мен Семей атом полигоны жабылғаннан бергі жиырма жыл уақыт ішіндегі оңды істері баяндалған «Ядролық сынақ аймағы: кеше және бүгін» деректі кітабы көпшілік қауымның қызығушылығын тудырды. Кітап көрмесі арқылы оқырмандар руханияттың қазынасын, әдеби көркем тілді туындылармен байытқан жазушының шығармашылығымен қатар өмір жолымен де жақынырақ танысты. Кітап көрмесі ақпан айының соңына дейін жалғасады.