Атандым өз тұсымда Төлеу ақын: «Абай әлемі» кітаптар топтамасы аясында жарық көрген Т. Көбдіковтің кітабының тұсаукесері
21-ші ақпан күні Абай кітапханасы жанындағы «Шабыт» әдеби клубының аясында ақын Төлеу Көбдіковтың туғанына 145 жыл толуына орай, «Абай әлемі» кітаптар топтамасы бойынша шыққан «Атандым өз тұсымда Төлеу ақын» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.
«Шараға «Атандым өз тұсымда Төлеу ақын» атты кітабын баспаға әзірлеген Семей қаласының тұрғыны, Абай мұражайының ғылыми қызметкері, ақынның немересі Садықова Шынар мен Жарма ауданының тұрғыны, ақынның шөбересі Құлжанбеков Есентай қатысып, аталары туралы естелік әңгімелерімен бөлісті. Жобаның бас редакторы, жазушы, Құрмет және Парасат ордендерінің иегері Медеу Сәрсеке, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің қазақ тілі мен әдебиеті факультетінің меңгерушісі Арай Жундибаева қатысушыларға ақынның өнегелі өмірімен қатар, шығармашылық жолынан, поэзиясынан мол мағлұматтар берді.Шара барысында педагогикалық колледж студенттері ақынның өлеңдерін оқып, Ә. Қашаубаев атындағы филармония әншісі Б. Түктібаев «Самалтау» және «Балқадиша» әндерін тамылжыта шырқап, көрермендердің ерекше ықыласына бөленді. Шараға қаламыздың зиялы қауым өкілдері, ақынның туыстары мен қатар Қазақ инновациялық заң университетінің, М.О.Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің студенттері қатысты.