Шын жүректен: «Кілт» авторлық әндер клубы

24.02.19

24 ақпан күні Абай кітапханасында гитара әуеніне құштар жандарға арналған «Шын жүректен» атты ән кеші ұйымдастырылды. Орындаушылар өздері сүйіп айтатын әрі өздерінің жан-дүниесін қозғайтын әндерді орындап берді. Сонымен қатар кеш барысында атақты топтарға каверлер мен Семейлік орындаушылар жазған авторлық әндер де шырқалды. Концертте қазіргі заманғы әндермен қоса, 70-90 жылдардағы танымал әндер де орындалып кеш қонақтарының құлақ құрышын қандырды. Гитарамен қатар саксофон мен қазақ халқының аспабы сазсырнай да әуелете ойнап кешті жандандыра түсті. Кештің екінші жартысында Семейлік ақын Любовь Харитоненко өз өлеңдерін оқыса, поэзия сүйер кеш қонақтары Я. Смеляков пен О. Сүлейменовтың өлеңдерін нақышына келтіріп оқып берді.

Музыка мен поэзия – адам жанының емшісі іспеттес, рухани азық беретін қос арна десе де болады. Қонақтар осындай әсем әуен шырқалған кештен көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.