Бейбітшілік және келісім идеясы: көрме – әңгіме
1 наурыз күні кітапхана қызметкерлері Алғыс айту күніне орай, Қазақстан жерінде тұрып жатқан көп ұлтты халықтардың достығы, татулығы мен бірлігін насихаттау мақсатында Семей қалалық полиция басқармасы ұжымына «Бейбітшілік және келісім идеясы» атты көрме-әңгіме өткізді.
Шара барысында кітапханашылар елімізде тұрып жатқан этностар туралы тарих деректерге тоқталып, репрессия мен жер аудару жылдарындағы әртүрлі ұлттардың тағдыры туралы кеңінен мағлұматтар берді.
Кітап көрмесіне Қазақстандағы түрлі ұлттардың тарихы, олардың қоныстануы, қазіргі өмір сүру жағдайы, мәдениеті, салт-дәстүрі мен өнері туралы «Бірлігі жарасқан біздің үй», «Достық – баға жетпес байлы», «Ынтымағы жарасқан, бірлігі бекем – Қазақ елі», «Алғыс айту –ізгіліктің белгісі», «Из истории депортации. Казахстан 1935-1939 годы», «Страницы трагических судеб», Кан Г.В. «Корейцы Казахстана», Қазақстан халқы ассамблеясы: алғашқы қадамдар (1995-1997жж.), т.б. жалпы саны 71 дана кітаптар мен мерзімді басылым беттерінде жарық көрген мақалалар, тарихи статистикалық деректер мен фотосуреттер қойылып жан-жақты шолу жасалынды.
Мәдени шара соңында қатысушылардың назарына «Рахмет саған, елім» атты бейнефильм ұсынылды.