Шын жүректен…: акция
Біздің кітапханада кітап сыйлау акциясын өткізу жақсы дәстүрге айналды. Кітап сыйлаушылар біздің кітапхананың оқырмандары, қала тұрғындары мен қонақтары. Әрбір сыйлық маңызды, өйткені бұл әрбір кітаптың өмірін ұзартуға мүмкіндік береді.
5 наурыз күні Абай атындағы кітапхана қызметкерлері «8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні» мерекесіне орай Семейдегі «Ана үйіне» «Шын жүректен…» атты акция өткізді. Бұл акцияны өткізу «Кітапханаға кітап сыйла!» акциясын ұйымдастырғаннан кейін мүмкін болды.
Ана мен бала! Бұл ұғым адамның жан-дүниесіне ерекше сезім ұялатары анық. Өйткені жер бетіндегі барлық тірі жан иесі ананың құрсағынан бастау алады. Шараның мақсаты: қоғамда орын алған өзекті мәселелердің шешілуіне ат салысу, қиын өмір жағдайына түскен тағдыры әр түрлі жас аналардың әлеуметтік мәртебесін қалпына келтіру және ақпаратқа қолжетімділігін арттыру.
Акция барысында кітапхана қызметкерлері «Ана үйінің» тұрғындарына 70-тен аса қазақ және орыс тілдерінде көркем әдебиеттерді сыйға тартты. Кітаптардың арасында қазақ, шетел, орыс классикалық әдебиеті жазушыларының кітаптары бар.
Шара соңында аталмыш мекеменің үйлестірушісі Нұртазина Айнагүл Ғалымбекқызы: «Кітап тұрғындардың ішкі жан дүниесіне ерекше әсер етіп, көңіл-күйін көтеріп, қамықтырғыш ойлардан сейілтеді», – деп кітапхана қызметкерлеріне алғысын білдіре отырып, «Ана үйі қоғамдық қорының» 5 жылдық тарихы бар «100 Ана» кітабын сыйға тартты. Ал кітапхана қызметерлері өз тараптарынан жас аналарды мерекелерімен құттықтап, жігерлі болыңдар, тек алға қарап, жарқын болашаққа ұмтылыңдар деген тілектерін білдірді.