Әйелдер – ерекше мамандық иелері: кездесу кеші
Әйел заты кез келген уақытта нәзіктік, сұлулық, махаббат, мейірімділік пен қамқорлықтың белгісі болып табылған. 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай 5 наурыз күні Абай кітапханасында әртүрлі мамандықтағы әйелдермен кездесу кеші өтті. Кездесу кешіне «Қайнар» колледжі мен «Олимпияда резерві аймақтық спорт колледжінің» студенттері қатысты.
Кездесудің арнайы қонағы ретінде ШҚО облыстық балет мектебінің директоры, татар қоғамдық ұйымының жетекшісі Исмаилова Камилия Рашитовна, журналист Екатерина Владимировна Гуляева, энергетик маман Светлана Александровна Зубкова шақырылды.
Кеш диалог-интервью формасында өткізіліп, әр қонақ өзі және өзінің мамандығы, хоббиі және қызығушылығы жайлы әңгімелеп берді. Қатысушылардың әңгімесін олардың фотосуреттерімен көмкерілген бейне материал толықтырды.
Кездесу барысында балет мектебінің бишісі Рахметулла Ильхам хореографиялық би билеп, «Ключ» клубының мүшесі Александра Зубкованың орындауында «Туған қалам Семейім» әні орындалды. Кәсіби хореограф Н.Н. Надеждина сальса биі бойынша шеберлік-сағатын өткізіп, бидің негізгі қимыл-қозғалыстарын үйретті.
Сонымен қатар қеш қонақтары әртүрлі әйелдердің тағдыры туралы сыр шертетін «Барлығы да олар туралы…» атты кең көлемді кітап көрмесімен танысты. Бұл әйелдер – ақын, суретші, ханшайымдар, кино және театр әртістері, белгілі саясаткерлердің, спортшылар мен қоғам қайраткерлерінің жұбайлары… Олар әр түрлі уақыт пен түрлі тағдыр иелері.
Көрмеге «Ұлы даланың ұлы қыздары/Великие дочери Великой Степи», «Қазақ тарихындағы әйелдер», И.Серкебаеваның «Бибігүл Төлегенова», «Ақ үйдің бірінші ханымдары» сынды кітаптары мен «Аныз адам», «Жұлдыздар отбасы» журналдарының әйел затына арналған сандары қойылған.