Шығыс айналма жолы: өлкетану сабағы

06.03.19

5 наурыз күні Абай кітапханасы Семей көлік колледжінің 90 жылдық меретойы қарсаңында, аталмыш колледжге барып  Шығыс айналма жолының құрылысына арналған өлкетану сабағын өткізіп қайтты.   90 жыл бойы жастарды білім нәрімен сусындатып келе жатқан колледждің тарихы өте бай.  40-шы жылдары осы колледждің ұстаздары мен студенттерінің Семей-Өскемен бағытындағы стратегиялық маңызды жол құрылысына қатысуы оның шағын бөлігі ғана.  Осы жол құрлысына арналып өткізілген шара «Прииртышье» өлкетану қорымен бірлесе отырып ұйымдастылды. Студенттердің назарына  өлкеміздің тарихы, сол кездегі адамдардың тағдыры, жанкештілігі мен ерең еңбегі жайлы ақпарат ұсынылды. Өлкетану сабағы жастардың туған жеріне деген махаббаттары мен патриоттық рухын оята білді.

Аталмыш іс-шара аясында «Өлкетанудың белгісіз беттері» атты кең көлемді кітап көрмесі ұйымдастырылып, әдебиеттерге шолу жасалды. Көрмеден орын алған  экспонаттар «Шығыс айналма жолының» құрылысы басталған 20 ғасырдың 40-шы жылдарына қайта сапар шектіргендей. Сонымен қатар студенттер назарына кітапхананың сирек қорында сақталған, сол кезеңдегі халықтың тұрмысы, мәдениет пен экономикасынан сыр шертетін кітаптар да ұсынылды. Мұхтар Әуезовтың жазған  пьесалары, повестері мен романы сол заманның жарқын құбылысы іспеттес.  Студенттер назарына латын қарпінде жарық көріп, өткен ғасырдың 40-шы жылдарына дейін қолданыста болған оқулықтар мен Түріксіб темір жол құрлысы жайлы ақпараттар басылып отырған  «Түріксіб» газеті ұсынылды. Шараға қатысушылар  42 күн ішінде салынған ұлы құрылыс «Шығыс айналма жолы» туралы жазылған әдеби шығармалармен де танысты. Олар: Мұхтар Әуезов «Екінші участок», Ғабиден Мустафин «Құлаған құз», Касым Айтмухамбет «Тіршіліктің тамыры», Бесқарағайлық ақын Нұрлыбек Баймұратов «Бүгін» және Өскемендік ақын  Павел Кузнецов «Трасса энтузиастов». Сондай-ақ, студенттер назарына «Наука и техника», «Автомобильный транспорт Казахстана», «Техника молодежи» сынды журналдар ұсынылды.  Көрме жол құрылысы мен оның қатысушылары туралы сирек фотосуреттермен, құнды құжаттармен және де 40-шы жылдардағы көлік маркаларының масштабты модельдерінің коллекциясымен толықтырылып, қатысушылардың қызығушылығына ие болды.

Іс-шара соңында көлік колледжінің тарихы туралы викторина өткізіліп, студенттер өз колледжін мақтан тұтып, жергілікті ақын Е. Титаев жазған колледж әнұранын орындады.

Көлік колледжінің әкімшілігі өлкетану сабағын ұйымдастырушыларды колледждің музейіне шақырып, онда осы көне оқу орнының тарихы жайлы  жинақталған жәдігерлермен таныстырып, өз ризашылықтарын білдірді.