Наурыз – бірлік пен махаббаттың, жаңарудың мейрамы: көрме-калейдоскоп
Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы қарсаңында 15-наурыз күні Абай кітапханасының шетел әдебиеттері бөлімінде «Наурыз – бірлік пен махаббаттың, жаңарудың мейрамы» атты көрме-калейдоскоп ұйымдастырылды.
«Наурыз мейрамының шығу тарихы», «Қазақтың салт-дәстүрлері», «Ұлттық ойындар мен тағамдар», «Наурыз туралы өлеңдер мен жырлар» атты 4 бөлімнен құралған көрме-калейдоскоп шетел әдебиеттері бөлімінің оқырмандарын ерекше қызықтырды. Кітап көрмесінің 1-ші бөлімінде халқымыздың ұлттық мерекесі Наурыздың шығу тарихы, жыл басы, жыл қайыру, жыл, ай аттары тәрізді ұлттық құндылықтар туралы әдебиеттер қойылса, «Қазақтың салт-дәстүрлері» деп аталатын 2-ші бөлімінде қазақ халқының ұлттық мұрасы, мәдениеті, ұлттық киімі мен қолөнеріне байланысты әдебиеттер ұсынылды. «Ұлттық ойындар мен тағамдар» атты 3-ші бөлімінде наурыз көже, қымыз, шұбат, бауырсақ дайындау әдістері жазылған басылымдар мен қыз қуу, бәйге, тоғызқұмалақ сияқты ұлттық ойындардың мәні мен мазмұны сипатталатын кітаптар қойылды. Ал көрменің «Наурыз туралы өлеңдер мен жырлар» бөлімінде Мұқағали Мақатаевтың «Наурыз айы туғанда», Асқар Наймантаевтың «Әз-наурыз думаны», Мақсұт Неталиевтың «Ұлыс күні» және басқа да ақын-жазушылардың шығармалары қалың оқырман назарына ұсынылды.
Аталмыш көрмеге сонымен қатар кітапхана қорындағы «Наурызнама», «Қазақтың ұлттық киімдері және қолөнер тарихы», «Жеті қазына» «Ақ дастархан», «Верблюжье и кобылье молоко и их польза», «Kazakh traditions and wangs», «The Kazakh national cuisine» сынды қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі кітаптар мен мерзімді басылымдар қойылды. Көрме-калейдоскоп өз халқының мәдениеті мен этнографиясын танып білгісі келетін жандар үшін құнды дерек көзі болмақ.