Нұр себеле, Ұлыстың Ұлы күні: иллюстративті кітап көрмесі

19.03.19

19 наурыз күні Абай атындағы кітапханада қала тұрғындары мен қонақтарына, студент жастарға арналып, «Нұр себеле, Ұлыстың Ұлы күні»  атты кең көлемді иллюстративті кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Үш бөлімнен жасақталған мерекелік кітап көрмесі Наурыз тойының табиғатын, шығу тарихын, мазмұны мен мәнін, халықтың мәдени-рухани өміріндегі орнын баяндап, қазақ халқының салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы мен қолөнері, ұлттық тағамдарын насихаттауға бағытталды.

Кітап көрмесінің «Наурыз – Ұлыстың ұлы күні» атты 1-ші бөлімінде халқымыздың ұлттық мерекесі Наурыздың шығу тарихы, жыл басы, жыл қайыру, жыл, ай аттары тәрізді ұлттық құндылықтар туралы әдебиеттер қойылды, 2-ші бөлімі «Қазақтың қолөнері – төл өнері» деп аталып, қазақ халқының салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы мен қолөнері жайлы басылымдар қойылды. «Халықтың қадір тұтар дастарханы» атты 3-ші бөлімде қазақ халқының дастарханы, ұлттық тағамдары туралы басылымдар қойылды.

Көрмедегі «Адалбақан», «Қазақ халқының салт-дәстүрлері», «Наурызнама», «Ас атасы нан», «Қазақ халқының дәстүрлері, той-мереке, сауық-сайран», «Ұлттық ойын тамашалары», «Қазақтың ұлттық тағамдары», «Қазақтың киіз үйі», «Жеті қазына», «Ағаш бесіктен, жер бесікке дейін», «Ұлыстың ұлы күні», «Наурыз көже», «Әз-наурыздың қадірі мен қасиеті» және т.б. кітаптар мен мерзімді басылым беттеріндегі мол мағлұматтардың өз халқының мәдениеті мен этнографиясын танып білгісі келетін жандар үшін пайдасы мол болмақ.

Көрменің ерекшелігі – кітаптардан киіз үйдің инсталляциясы жасалынып, алтыбақан мен тайқазанның макеттері қойылды. Көрме наурыз айының аяғына дейін жалғасады.