Армысың, Әз-Наурыз!: көктем мерекесі

20.03.19

Көктемнің басты мерекесінің бірі – Наурыз мейрамы. Бұл күні айналамыз жаңарып, табиғат қысқы ұйқыдан оянады. Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында 20 наурыз күні Абай кітапханасында «Армасың, Әз-Наурыз» атты дәстүрлі көктем мерекесі өтті. Шараға Семей қаласының жастар ресурстық орталығы, «Дариғай-ай» жастар театрының әртістері, қазақтың халық әндерін орындаушы студенттер, №5 мектеп-гимназиясының би ұжымы шақырылды.

Мереке барысында ұлттық ойындар мен сайыстарға назар аударылды. Қатысушылар «Қара кемпір» және «Ақ боран» деген атаумен екі ауылға бөлініп, өздерінің ақындық, әншілік, жаңылтпаш айту, жұмбақ шешу сияқты өнерлерін көрсетіп, арқан тартудан бақ сынасты.
Мереке түркі халықтарының әдеп-ғұрыптарының бірі саналатын қалындыққа «сырға салу» дәстүрімен жалғастырылды. Құда түсу кезінде орындалатын дәстүрдің бірі «құйрық-бауыр» асату дәстүрі көрсетілді. Бұл дәстүр құдалық құйрықтай тәтті, құдалар бауырдай бір-біріне жақын деген мағынаны білдіреді.
Наурыз мерекесі күні әдетте көп тағам дайындалады, өйткені мол дастархан молшылық пен берекені бейнелейді. Мерекелік іс-шараға қатысушылар Наурыз-көже мен бауырсақтан дәм татты.
Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!