Нұр себеле, Ұлыстың ұлы күні: кең көлемді кітап көрмесі

22.03.19

Жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыс пен берекенің арқауы болып табылатын Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамында кітапханаға келген  қала тұрғындары мен пайдаланушыларды «Нұр себеле, Ұлыстың ұлы күні» тақырыбындағы кең көлемді кітап көрмесі қарсы алды.

Мерекеге арналған үш бөлімнен жасақталған  кітап көрмесі Наурыз тойының табиғатын, шығу төркінін, мазмұны мен мәнін, халықтың мәдени-рухани өміріндегі орнын баяндап, қазақ халқының салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы мен қолөнері, ұлттық тағамы туралы кең көлемде ақпарат беруге бағытталады.

Халқымыздың ұлттық мерекесі Наурыздың шығу тарихы, жыл басы, жыл қайыру, жыл, ай аттары тәрізді ұлттық құндылықтар туралы әдебиеттер  көрменің «Наурыз – Ұлыстың ұлы күні» атты бөлімінен орын алды.  «Қазақтың қолөнері – төл өнері»  бөлімінде халқымыздың қолданбалы өнері жайлы, «Халықтың қадір тұтар дастарханы» бөлімі қонақжай қазақ халқының ақ дастарханы мен  ұлттық тағамдары туралы басылымдар қойылып, мол мағлұматтар берілді. Көрмедегі «Адалбақан», «Қазақ халқының салт-дәстүрлері», «Наурызнама», «Ас атасы – нан», «Қазақ халқының дәстүрлері – той-мереке, сауық-сайран», «Ұлттық ойын тамашалары», «Қазақтың ұлттық тағамдары», «Қазақтың киіз үйі», «Жеті қазына» кітаптарымен бірге Ұлыстың ұлы күні, Наурыз көже, Әз-Наурыздың қадірі мен қасиеті туралы мерзімді басылымдар беттеріндегі мол мағлұматтар  қазақ халқының мәдениеті мен этнографиясын танып білгісі келетін әркімге пайдасы зор болды.

Көрмеден көрініс тапқан кітаптардан жасалған киіз үйдің инсталляциясы, алтыбақан мен тайқазанның макеттері қатысушылардың қызығушылықтарын тудырып, эстетиткалық тәрбие беруде маңызы зор болды.

Көрме наурыз айының соңына дейін жалғасын тауып, өз оқырмандарын күтеді.