Қазақ киносының анасы: киноностальгия

27.03.19

      Биылғы жылы Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, кино және театр сахнасының майталманы – Әмина Өмірзақованың туғанына 100 жыл толуына орай, актрисаның мерейтойын ЮНЕСКО көлемінде тойлау жобасы қолға алынған.

Осы мерейтойға орай 27 наурыз күні Абай кітапханасында  актрисаның ең таңдаулы рөлдері жайында «Қазақ киносының анасы»  атты  кино-ностальгия өтті.  Шараны М.Төлебаев атындағы музыкалық училищенің студенттері «Күй керуенімен» бастап, әсем күй әуенінен шашу шашты. Кітапхана қызметкерлері  Әмина Ерқожақызының өмірбаянына шолу жасап, өмір жолын  таныстырып өтті.

Кино-ностальгияға  арнайы шақырылған Семей қаласының тұрғыны, актрисаның бауыры Серік Төкенұлы Әмина Өмірзақованың жеке өмірі жайлы әңгімелеп, естеліктерімен бөлісті. Өмірі заманның қиын-қыстау кезеңіне тап болған өнер иесі тағдырының қиын тұстарын айтып,  өнегелі өмірін үлгі етті.

«Абай» қорының президенті Отантай Кәріпжановтың Әмина Өмірзақованың шығармашылығына кеңінен тоқталған маңызды әңгімесі студент-жастарға өнер иесінің өнегелі өміріне қызығушылығын тудырды. Өнер сахнасында 150-ге жуық рөлдерді сомдап, 20 шақты кинофильмге түскендігі жайында және ана бейнесін асқан шеберлікпен сомдаған актрисаның ұшан-теңіз еңбегі жайында айтылған естелік әңгімесі жастар үшін үлкен  сабақ болды.

Шара барысында актриса түскен «Тақиялы періште», «Ана туралы аңыз» фильмдерінен үзінділер және «Ғибратты ғұмырлар» бағдарламасы түсірген бейнесюжет көрсетілді. М.Әуезов атындағы педагогикалық колледж студенттері  «Тақиялы періште» фильмінен шағын қойылым көрсетіп, ана бейнесін бейнелейтін өлеңдерін оқып, өз өнерлерін ортаға салды.

Іс-шара соңында кітапхана қызметкерлері қатысушыларды «Қазақ киносының анасы» атты кітап көрмесімен таныстырып, көрмеден орын алған С.Әбдікәрімов  «Әмина Өмірзақова: Ғұмырнамалық деректі хикаят», «Әмина Өмірзақова: фотоальбом» және «Аныз адам», «Жұлдыздар отбасы» журналдарының актриса шығармашылығына арналған сандары  мен газет беттерінде жарық көрген мақалаларына шолу жасады.

Ә. Қашаубаев атындағы филармония әншісі Б.Түктібаев «Балқадиша» әнімен киноностальгияны  қорытындылады.

Шара соңында өз өнерлерін көрсеткен белсенді студенттерге алғыс хаттар тапсырылды.