Біздің байланыс телефонымыз: 8 (7222) 52 04 94 · semeybib@yandex.kz
Жаңалықтар
Нау 29

Ғалым сыйлаған рухани қазына

Наурыз мейрамы күндері Абай атындағы әмбебап кітапханасының қоры тосыннан жасалған сый кітаптармен толықты. Біздің жерлесіміз, кітапханамыздың тұрақты оқырманы, ғалым – Тұрдықұл Қасенұлы Шаңбай жеке кітапханасынан өзінің құрастыруымен шыққан кітаптарының бірнеше даналарын сыйға тартты. Олар: Еуразия кеңістігінің айтулы ғалымы Лев Гумилевтің 100 жылдығына арналған тұлғалық энциклопедиясының Мәскеудің «Художественная литература» баспасынан шыққан, толыққан жаңа нұсқасы, «Этногенез. Труды Л.Н.Гумилева: Аннотированный справочник» анықтамалығы, балаларға арналған сиясы кеппеген жаңа басылым – «Аманаты Алаштың» энциклопедиясы, 5 томдық «Манаштану мәселелері» сериялық ғылыми жинағы, сонымен қатар қазақ, орыс, түрік, және ағылшын тілдерінде ерекше безендірумен сапалы да көркем түптеліп, шығарылған «Біздің Мағжан» альбомы.

Энциклопедияшы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, профессор, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері, Тарих және қоғамдық ғылымдар Академиясының академигі, Қазақстан биобайлығын сақтау Ассоциациясының мүшесі, қаламыздағы Қазақ Инновациялық Гуманитарлық-заң университетіндегі «Алаштану» ғылыми зерттеу орталығының директоры Тұрдықұл Қасенұлы Шаңбайдың Қазақстанның Шығыс өңірінің іргелі мәдениет ошағы Абай атындағы әмбебап кітапхана қорына шын жүректен жасаған сыйы біздің қалың оқырмандарымыз, әсіресе жас ұрпақ үшін ұлттық рухын байытатын рухани қазына болары ақиқат.