Рухани жаңғырудың негізгі кілті – Абай ілімі: кітаптар топтамасының таныстырылымы

29.03.19

2019 жылдың 29 наурызында Абай атындағы кітапханада облыс әкімі Даниал Ахметовтың бастамасымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жарық көрген «Абай әлемі» топтамасының таныстырылым ұйымдастырылды. Шараны ұйымдастырушы кітапхана қызметкерлері қатысушы студент жастарға әдеби жобаның маңыздылығы мен мазмұны және жоба аясында жарық көрген талантты жерлестеріміздің әдеби мұрасын, жергілікті авторларымыздың үздік туындыларын таныстырып, жастардың бойына патриоттық рухтың қалыптасуына ықпал етті. Сондай-ақ, әлем әдебиетінің үш алыбы Абай, Шәкәрім, Мұхтар шығармаларының, Федор Достоевский Семейде өмір сүрген кезеңінде жазылған шығармаларының, Абайдың шәкірті Төлеу Көбдіковтің туындылары мен әнші Әміре Кашаубаев туралы естеліктерінің және өлкеміздің белгілі авторларының бұрын жарияланбаған немесе аз таралыммен шыққан шығармаларының жарыққа шығуы осы жобаның негізгі ерекшелігі екенін айтып өтті.

Тұсаукесерге қатысқан зиялы қауым өкілдері мен жастарға ақын, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі М.Сұлтанбеков Әміре Қашаубаев туралы жазылған «Әнші Әміре» кітабы мен Марат Қабанбаевтың «Четыре времени родной земли» кітаптарының мазмұны жайында мағлұмат берді. Орыс тілінде жарық көрген Абай шығармаларының жинағына енген Абайдың қазақ халқының шығу тегі туралы жазған прозалық шығармасын қалай аударғандығы туралы әңгімелеп, шығарманың философиялық маңызын түсіндірді. ҚР Журналистер одағының мүшесі М.Жанболатов «Абай әлемі» топтамасы аясында жарық көрген шығармалардың маңыздылығын түсіндіріп, жастарға тәрбиелік мәнін атап көрсетіп, жастарды кітап оқуға шақырды. Филормония әншісі Б. Омаров Абайдың «Көзімнің қарасы» және Ш.Әбеновтың «Алтай аруы» әндерін нақышына келтіре орындап, қатысушылардың ризашылығына бөленді. Шара барысында Семей гуманитарлық-заң және техникалық колледждерінің студенттері сұрақтарын қойып, тиісті жауаптарын алып, жаңа кітаптармен танысты.