Андерсеннің ертегілер елінде: әдеби сағат

02.04.19

Сәуірдің 2-сі күні Абай кітапханасының балалар әдебиеті бөлімінің қызметкерлері  ШҚО Семей қаласы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығымен бірлесіп халықаралық балалар кітабы күніне орай мүмкіндігі шектеулі балаларға арнап «Андерсеннің ертегілер елінде»  атты әдеби сағатын өткізді. Шара барысында оқушыларға халықаралық балалар кітабы күні балалардың сүйікті ертегішісі Ганс Христиан Андерсеннің туған күніне орай 1967 жылы бекітілгені туралы ақпарат берілді. Мәдени шараның мақсаты:  балаларды  ертегішінің өмірбаянының қызықты тұстарымен таныстыру, Г.Х.Андерсеннің шығармашылығына қызығушылықтарын ояту, эстетикалық талғамын дамыту, оқу мәдениетіне тәрбиелеу, шығармашылық қабілеттерін ашу болып табылады.

Әлемге әйгілі балалар мен ересектерге арналған ертегілердің авторы,  дат жазушысы Ганс Христиан Андерсеннің шығармалары біздің  оқырмандарымызға жақсы таныс және танымал ертегі кітаптарын әрбір оқырман сүйсіне оқиды. Өйткені ол өз заманының шындығын шығармаларына арқау етіп, бүлдіршіндерді ізгілік пен мейірбандыққа тәрбиеледі.

Шара барысында балалар арасында «Ертегілердін атын тап» және «Кейіпкерлердің суреттері» атты ойындар ұйымдастырылды. Шараға орай ұйымдастырылған «Ғажайып ертегілер» атты кітап көрмесіне әлем балалар әдебиеті сериясымен шыққан Ганс Христиан Андерсеннің ертегілер жинағы,  «Қайыспас қалайы солдат», «Сүйкімсіз балапан», «Қаршақыз», «Түйме қыз» және т.б. кітаптар қойылып, шолу жасалынды. Аталмыш шараға келушілер кітап қорындағы жаңадан түскен балалар әдебиеттерімен, танымдық энциклопедиялармен жан-жақты таныстырылды. Әдеби сағаттың соңында «Сүйкімсіз балапан» ертегісінің желісі бойынша түсірілген мультфильм көрсетілді.