Баян-Өлгейлік әріптестер Абай атындағы кітапханада қонақта

12.04.19

Сәуір айының 12 жұлдызында Баян-Өлгей Ақтан Бабиұлы атындағы орталық кітапханасының қызметкерлері кітапхананың 70 жылдық мерейтойы қарсаңында Абай атындағы кітапханаға тәжірибе алмасу мақсатында келіп қайтты. Семей өңірі кітапханаларының жұмысымен, әдістемелік қызметтерімен танысу, тәжірибе алмасу, өз қызметтерінде қалыптасқан жұмыс дәстүрлерімен бөлісу мақсатында келген қонақтарды «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Абай әлемі» топтамасымен жарық көрген кітаптар қарсы алды. Қонақтар алдымен кітапханамыздың бөлімдерімен, тыныс-тіршілігімен таныстырды. Ақтан Бабиұлы атындағы орталық кітапханасының директоры Алтынгүл Дәлелқызы алдымен ат басын Алаш астанасы, рухани орталық болып саналатын Семей жеріне, Абай бастаған ұлылардың табаны тиген топыраққа бұрып келгендігін тілге тиек етті. Одан әрі сапар Елордамыздағы кітапхананамен танысу, тәжірибе алмасу жұмысына жалғасатынын да айта кетті. Кездесу одан әрі шығармашылық тәжірибемен бөлісіп, туған жерге сағынышқа толы жыр жолдарын оқумен жалғасын тапты. Мазмұнды отырыстан кейін Баян Өлгейлік әріптестер қаламыздың мәдени-тарихи орындарымен танысып, Абай атындағы кітапханамен алдағы уақытта да тығыз байланыста болсақ деген тілек білдірді.