«Абай әлемі»: әдеби экспозиция

25.04.19

Абай атындағы кітапхана қызметкерлері Нұр-Сұлтан қаласында 24-27 сәуір күндері ұйымдастырылған «EurasianBookFair – 2019» IV-Еуразиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесіне «Абай әлемі» әдеби экспозияциясымен қатысты.
Шараға қатысуымыздың басты мақсаты кітапханамыздың қорында сақталып келе жатқан XX ғасырдың басында жария көрген құнды әдебиеттер мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жарық көрген өңір авторларының жаңа басылымдарын көпшілік назарына ұсыну және шетелдік, қазақстандық қатысушылардың ұсынған басылымдарымен танысу.

Шараға қатысушы зиялы қауым өкілдері мен қонақтарды «Абай әлемі» әдеби экспозициясының аясында «Ғасырлармен үндескен асыл қазына», «Абай әлемі» – жауҺар туындылар кітапханасы» тақырыбындағы көрмелер қарсы алды.
«Ғасырлармен үндескен асыл қазына» сирек басылымдар көрмесі арқылы Семей қаласындағы 135 жылдық тарихы бар (1883 жылы негізі қаланған) қоғамдық кітапхананы ұйымдаструшылардың және тұрақты оқырмандарының бірі болған қазақтың кемеңгер ақыны Абай Құнанбаев өмірінің маңызды бір кезеңі мен 20 ғасырдың басында далалы өлкені зерттеуші-өлкетанушылардың Шығыс өңіріне байланысты жазған құнды басылымдарын ұсынып, сирек басылымдардың мазмұнымен таныстырды.
Шараға қатысушылар үшін Елбасының «Рухани жаңғыру бағдарламасы» аясында ШҚО әкімі Даниял Ахметовтың қолдауымен жүзеге асырылған «Абай әлемі» жобасы бойынша жарық көрген кітаптар топтамасы үлкен жаңалық болды. Жоба аясында шығыс өңірінен шыққан алыптар Абай, Шәкәрім, Мұхтардың, Семей қаласында өмір сүрген орыс жазушысы, Ф.Достоевскийдің, алғаш рет Қазақстанның Халық ақыны атағын алған Т.Көбдіковтың, балалар жазушысы М.Қабанбаевтың, белгілі жазушылар М.Сәрсекенің, А.Ивановтың, натуралист-жазушы В.Щербаковтың шығармалары және қазақ халқын әлемге танытқан атақты әнші Әміре Қашаубаев туралы жарық көрген «Әнші Әміре» кітабы таныстырылды. Осы кітаптарды шығаруда редакциялық алқаның бас редакторы, сәтбаевтанушы Медеу Сәрсекенің «Қазақтың Қанышы. Феномен. The Phenomenon» атты Сәтбаевқа арнаған қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі ғұмырнамалық еңбегі қатысушылар назарына ұсынылды.
Әріптестерісіз «Абай әлемі» кітаптар топтамасының таныстырылымын ұйымдастырды. Қонақтар мен әдебиетсүйер қауым үшін «Абай әлемі» жобасының таныстырылымы ұйымдастырылады. Шараға Ұлықбек Есдәулет, Тұрсын Жұртбай, Дәулеткерей Кәпұлы сынды белгілі ақын-жазушылар қатысып, жобаның мазмұнымен, шығыс өңірі қаламгерлерінің шығармашылығымен таныстырды. Семейдегі Ә.Қашаубаев атындағы облыстық филармонияның әртісі Б.Түктібаев Әміре салған әндерден көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Семей өңірінің белгілі жас ақындары Бауыржан Игілік пен Медет Божан биылғы жылы Жастар жылына байланысты өткен “Ашық сұхбат” поэтикалық марафонына қатысып, өлеңдерін оқып сұхбаттасты.
Шара қонақтарына 135 жылдық тарихы бар көне кітапхананың тарихынан, сирек басылымдар қорынан және «Абай әлемі» жобасынан мол мағлұмат беретін, куар-кодталған шығармаларды мобильді қосымшаға жүктеу мүмкіндігі бар үлестірме материалдар таратылды.