Біздің байланыс телефонымыз: 8 (7222) 52 04 94 · semeybib@yandex.kz
Жаңалықтар
Мам 23

Ғасырлар үндестігіндегі рухани мұра: көшпелі көрме экспозициясы

Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасы 2019 жылы 22 мамырда шекара аудандарымен ынтымақтастық шеңберінде және Қазақстандағы жастар жылы аясында Ресей Федерациясының Рубцовск қаласында кітапханамыздың қорындағы сирек басылымдармен және  «Абай әлемі» жобасы аясында жарық көрген туындылармен таныстыру мақсатында «Ғасырлар үндестігіндегі рухани мұра»  көшпелі көрме экспозициясын ұйымдастырды.

Көрме екі алаңда ұсынылды. Қатысушылар Семей қаласының тарихымен, кітапханамыздың құрылу тарихымен, қаладағы алғашқы өлкетану мекемелерінің жұмыстарымен тереңірек танысты. Көрермен қауымды ерекше қызықтырғаны «Абай сирек басылым беттерінде» сонымен қатар,  «Абай және орыс әдебиеті» бөлімдерінде қойылған сирек басылымдар көрмесі болды. Қатысушылар Қазақстанның далаларына саяси қуғынға ұшыраған қайраткерлердің еңбектерімен, Батыс Сібір Орыс Географиялық Қоғамының Семей бөлімшесінің басылымдарымен, XVIII-XIX ғасырларда жарық көрген орыс классиктерінің шығармаларымен танысты. Шараға қатысушылар кітапхана қорында Абайдың өзі оқыған орыс және басқа шет ел жазушыларының және Абай заманының қаламгерлерінің кітаптары сақталып тұрғанына таңданыстарын жасырмады. Сонымен қатар, Абай Құнанбаев, Ш.Құдайбердиев және М.Әуезов шығармаларынан бастап әр түрлі жанрда қалам тартқан шығыс өңірінен шыққан танымал ақын-жазушылардың, ақындар мен зерттеушілердің шығармашылығын біріктіретін «Абай әлемі» жобасы аясында жарық көрген  әдеби серияның таныстырылуын жиналған жұрт ерекше ықыласпен тыңдады. Көрмеге қатысушылар әлемге әйгілі орыс жазушысы Федор Михайлович Достоевскийдің тұңғыш рет жарық көрген «Семей кезеңі» (1854-1859 жж.)  шығармалар жинағына айрықша назар аударды.

Кітап көрмесін «Абай – кітапхана оқырманы», «Америкалық журналист Дж. Кеннан», «Н. Коншин – алғашқы кітапханашы» атты видеоматериалдар,  Әміре Қашаубаев атындағы облыстық филармонияның әншісі Бақытжан Түктібаевтың орындауындағы «Балқадиша» әнінің видеоролигі, «Абай әлемі» сериясына енген қаламгерлердің портреттері, кітапхана тарихынан ақпарат беретін үлестірме материалдар толықтырды.

Шараның өту барысын Рубцовск қалалық телеарнасы түсіріп, жергілікті газет тілшілеріне маңызды ақпарат берілді.