Үш бәйтерек: тағдыр мен тағылым: кітап көрмесі

25.05.19

31 мамыр саяси қуғын-сүргін және аштық құрбандарын еске алу күні қарсаңында қазақ халқының «Үш бәйтерегі» атанған Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлиннің туғанына 125 жыл толуына орай Абай атындағы кітапханада «Үш бәйтерек: тағдыр мен тағылым» атты кең көлемді кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрменің басты мақсаты өткен ғасырдағы аумалы-төкпелі заманда ел үшін ерінбей еңбек етіп, артына мол рухани қазына қалдырған көрнекті тарихи тұлғаларды жас ұрпаққа насихаттау, оқырман қауымды қазақ әдебиетіне жақындата түсу. Көрмеге ақын, әнші, сазгер, саяси  қайреткер Сәкен Сейфуллиннің әр жылдары жазған өлеңдері, поэмалары, зерттеу еңбектері, тұғыры биік «Тар жол, тайғақ кешу» сынды еңбектері, қазақ халқына үлкен зұлмат әкелген ашаршылық тақырыбында көптеген шығармалар тудырған дара жазушы, қарымды қаламгер Бейімбет Майлиннің шығармалар жинағы, сондай-ақ ақтаңгер ақын Ілияс Жансүгіровтың отты жырлары мен тарихи-әдеби мазмұны өте бай поэмалар жинақтары қойылды. Аталмыш тұлғалардың барлығы да өз заманында ел істеріне белсене араласып, саяси қайраткерлігімен де тарихта сақталған тұлғалар.Сонымен қатар, көрме сөресін Бейбіт Қойшыбаевтың «Жазықсыз жапа шеккендер», Тұрсынбек Кәкішевтің «Қазақ зиялылары», Клара Саркенованың «1920-1930 жылдардағы Қазақстан тарихы», Мәмбет Қойгелдиев пен Талас Омарбековтың «Тарих тағылымы не дейді?» сынды өзге де көптеген зерттеу еңбектері толықтырды.

Кітапхана тұтынушылары көрмеге ерекше зейін қойып, қазақ тарихындағы қиын кезеңдер туралы қомақты мағлұмат алды.