Алаш тарихында ізі қалған…: өлкетану оқулары

30.05.19

30 мамыр күні  Абай атындағы кітапханада 31 мамыр – саяси қуғын – сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні қарсаныңда «Алаш тарихында ізі қалған…» тақырыбында өлкетану оқулары өткізілді. Іс-шара алаш қозғалысының аса көрнекті қайраткері, заңгер, публицист, қазақтың мүддесін көздеп, қамын жеген   ұлт ойшылы  Райымжан Мәрсековтің туғанына 140 жыл,  ұлт зиялысы педагог, жазушы, драматург Тайыр Жомартбаевтың туғанына   135 жыл және   Абай ауданынан шыққан тұлға, қоғам қайраткері, дипломат Самат Сүндетбаевтың туғанына 90 жыл  толуына арналып,   елім, жерім деп өткен ұлт зиялыларының өмірі мен шығармашылығы жәйлі әңгіме өрбітілді.

Аталмыш шараның мақсаты: өскелең ұрпаққа саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінің маңызын түсіндіріп, тарихтан тағлым алуға, өткенге тағзым етуге тәрбиелеу, қасіретті кезеңде солақай саясаттың құрбаны болған өлкеміздің танымал тұлғаларының туралы мәлімет беріп, олардың есімдерін құрметтеуге, ұмытпауға тәрбиелеу. Өлкетану оқуларында: «Ұлт жанашыры Райымжан Мәрсеков», «Жұлдызы сөнбес ақын»,   «Бейбітшілік елшісі» деп аталатын    3 бөлімнен тұратын  «Алаштың асыл азаматтары» атты   кең көлемді басылымдар көрмесі жасақталып, шолу жасалды. Шара аясында арнайы әзірленген бейнефильм  және деректі фильмдер көрсетілді. Шараға қатысқан Райымжан Мәрсековтың ұрпақтары, өлкетанушы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, запастағы полковник Шаймардан Қалиакпаров, этнограф-тарихшы, Қазақстан Республикасының Халық ағарту ісінің үздігі, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Мұхаметқазы Мұхамадиұлы Алаш арысының қилы тағдыры жайлы сөз сөйлеп, қатысушыларға ұлт зиялысы өмірінен тың ақпараттар берді. Р.Мәрсековтың немересі Элдар Қайырбеков кітапханаға атасы жайлы кітаптардан сый жасады. Ш.Мәрсековтың немересі Кәкімжан аға отбасылық фотосуреттерімен таныстырып, қуғын көрген ұрпақтарының тағдыр тәлкегі жайлы әңгімеледі. Мерейгер ұлт зиялылары  жайлы үлестірме ақпаратты парақтарды шара қатысушылары лезде таратып алды. Қонақтар біздің көзімізді көп нәрсеге аштыңдар деп риза көңілмен тарасты.