Тарихтан сыр шерткен мемлекеттік рәміздер: бейнесабақ

04.06.19

4 маусым күні ҚР Мемлекеттік рәміздер күніне орай Абай атындағы кітапханада кітапхана пайдаланушыларына арналған «Тарихтан сыр шерткен мемлекеттік рәміздер» атты бейнесабақ ұйымдастырылды.

Мерекелік шара мемлекеттік әнұранның орындалуымен басталды. Кітапхана қызметкерлері тәуелсіздігіміздің нышаны болып табылатын мемлекеттік рәміздердің қалыптасу тарихы мен маңызы жайлы, мемлекеттік рәміздер күні мерекесі туралы мәлімдеме жасады. «Тарихтан сыр шерткен мемлекеттік рәміздер» атты бейнекөрсетілімде егемендікті еншілегенге дейінгі еліміздегі тарихи рәміздер,  жаңа Елтаңба, Ту және Әнұран жобаларын жасауға жарияланған конкурс, рәміздеріміздің авторлары, символикалық белгілердің мәртебесі мен орналастыру тәртібі туралы бейнебаян көрсетіліп,  ақпараттар берілді.

Шара барысында қатысушыларға «Рәміздер туралы не білесің?» атты тақырыптық викториналық сұрақтар ұсынылды. Белсенді жауап берген «Қайнар» колледжінің студенті Макулбекова  Назерке  мен Шәкәрім атындағы университеттің студенттері Наурызбаева Наргиз, Утегенова Саяжан, Терещенко Олеся, Жалғасбек Дидарларға  естелікке кітаптар сыйға тартылды.

Шара соңында қатысушыларға «Мемлекеттік рәміздер тәуелсіздігіміздің  символикалық белгілері»   тақырыбында  жасақталған кітап  көрмесіне шолу жасалды.  Көрмеге қойылған үш тілде жазылған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандары», И.В. Ерофеваның «Символы казахской государственности», Н.У. Шаяхметованың «Қазақстан тарихы» мен А.Трофимованың «Kazakstan –the constitutional state» басылымдары және «Мемлекеттік рәміздер» атты үш тілдегі диск кітапхана пайдаланушыларын ерекше қызықтырды.