Туған күніңмен, Америка!: көрме-калейдоскоп

04.07.19

4 шілде күні АҚШ-тың төл мерекесіне орай Абай атындағы кітапхананың шетел әдебиеттері бөлімінде кітапхана пайдаланушыларына арналған «Туған күніңмен, Америка!» атты көрме-калейдоскоп ұйымдастырылды.

Көрме-калейдоскоп кітапханамыздың бай қорындағы кітаптар мен мерзімді басылымдарды қамтитын үш бөлімнен жасақталды. Кітапхана қызметкерлері әр бөлімге ақпараттық шолу жасады. «The history of America» атты бірінші бөлім қазіргі таңда әлемдегі алпауыт мемлекеттердің бірі болып отырған АҚШ-тың сонау 1776 жылы 4 шілдеде Тәуелсіздік декларациясы қабылданған уақыттан күні бүгінге дейінгі тарихи кезеңдерді баяндайды.

Көрменің «The Presidents of the USA» атты бөлімінде алып держава Америка Құрама Штаттарының тарихында осы кезге дейін президенттік қызмет атқарған тұлғалар мен олар жайлы ерекше фактілер келтірілген әдебиеттер мен газет-журналдар орын алды. Сонымен қатар бұл бөлімде қатысушыларға АҚШ-тың заң жүйесі туралы және әр штаттың ерекше қызықты заңдарынан мысалдар келтірілді.

«The american way of life» атты үшінші бөлімде оқырмандар назарына американдықтардың өмір сүру салты, мәдениеті туралы кітаптар, американдық жазушылардың көркем әдебиеттері ұсынылды.

Аталмыш көрмеге 30-дан астам кітаптар мен мерзімді басылымдар қойылды. Олардың ішінде қатысушыларды D. Hampshire “Living and working in America”, H. Clinton “Living history”, L. Starr “American popular music”, A. R. Lanier “Living in the USA”,R. M. Crocco & A. Dunn “Famous Americans” басылымдары ерекше қызықтырды. Сондай-ақ оқырмандар “The American heritage series” атты электронды басылымды үйге алып көруге ниет білдірді.

Көрме соңында қатысушыларға танымдық сайыстар ұйымдастырылып, белсенді жауап бергендерге кітапхана атынан сыйға кітаптар табысталды.